Бас тақырыпМедицина

776 тұрғыннан қызылша анықталған

Бүгінгі, 3 қаңтардағы дерек бойынша облыста былтырғы ақпаннан бері 776 адам қызылша жұқтырған. Оның 492-сі (63,4%) – Қарағанды тұрғындары. Мамандар бұл дерттің жайылуының басты себебі – «тұрғындардың вакцинациаланбауы» деп отыр.

Сурет: uralskweek.kz сайтынан

Қызылша ауруының одан әрі таралмауы үшін 6 қарашадан бастап қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау басталады. 6-11 ай, 2-4 жас аралығындағы балалар (қызылшаға қарсы егу мәртебесіне қарамастан), сондай-ақ қызылшаға қарсы профилактикалық егулері жоқ медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері вакцинациялауға жатады.

– Естеріңізге сала кетейік, қызылша жұқпалылығы және қызылша инфекциясынан кейінгі ықтимал асқынулармен қауіпті. Аурудың ауыр ағымында асқынулар дамиды. Мысалы, ортаңғы құлақтың, өкпенің, трахеяның, бронхтың қабынуы, сондай-ақ мидың қабынуы. Көбінесе асқынулар бес жасқа дейінгі балаларда немесе 30 жастан асқан ересектерде дамиды. Ең ауыр асқынуларға соқырлық, энцефалит (мидың ісінуіне әкелетін инфекция), ауыр диарея және онымен байланысты дегидратация, құлақ инфекциясы (отит) және пневмония сияқты ауыр тыныс жолдарының инфекциялары жатады, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байгутанова.

3 қаңтардағы жағдай бойынша қызылшаға қарсы жаппай иммундау науқаны кезеңінде 23 543 адам вакцинацияланды. Оның 4 608-і – 6-11 ай аралығындағы, 15 468-і – 2-4 жастағы балалар. Ал, 2006-сы медицина қызметкері.

– Барлық ата-аналарды өз баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, ҚЖИ шеңберінде қызылшаға қарсы екпе алу үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға уақтылы жүгінуге, әсіресе 6 айдан 10 айға дейінгі 29 күн, 2 жастан 4 жасқа дейінгі 11 ай 29 күн, сондай-ақ қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы жоспарлы иммундауға жататын 1 жас және 6 жас екпе алуы тиіс, – деді Гүлжан Жақтайқызы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button