Жаңалықтар

Шәкәрім есімі берілді

Шәкәрім ақынға анықтама берудің еш қажеті жоқ шығар. Күні кеше пәлсапасы терең, сұлулыққа толы, жауһар жырлары арқылы қазақ руханиятының төрінен орын алған ұлы ойшыл ақын Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНА Шет халқы зор құрмет көрсетті. Ауданға қарасты Красная поляна ауылының орта мектебі ендігі жерде Шәкәрім қажы есімімен аталатын болды.

Ауылдық мәдениет үйінде ұлы тұлғаның мұрасын жан-жақты ұлықтау мақсатында «Шәкәрім әлемі» атты ғылыми конференция өтті. Аталмыш шараға аудан әкімінің орынбасары Р.Рысқалиұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Смағұл бастаған ұстаздар қауымы мен Қазақстанның Құрметті журналисі, мәдениет қайраткері Ә.Тойжігіт, «Болашақ» академиясының оқытушысы, профессор Б.Сыздық, ҚР мәдениет қайраткері, белгілі жазушы К.Жүністегі, Шет ауданының Құрметті азаматы Б.Жұмкин арнайы шақырылды.

Ғылыми конференцияда Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Г.Мықышева, Қызылқой орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалім С.Смайылова, Бұрма тірек мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Н.Сейіт, Ю.Гагарин атындағы мектеп мұғалімі Н.Жәкен баяндама жасап, ұлы тұлға туралы маңызды деректерімен бөлісті.

Конференциядан кейін аудандық С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебінің мұғалімдері мен оқушыларының, сондай-ақ, Красная поляна ауылдық мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары мен әндеріне арналған концерттік бағдарлама көрермен назарына ұсынылды.

Іс-шара мектеп алдында түйінделіп, маңдайшасына Шәкәрім есімі мөрленген тақта ілінді.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ. 

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button