Ұлы тұлғаларға – құрмет ерек
Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында жерлесіміз, даңқты жазушы Ғабиден МҰСТАФИННІҢ 120 жылдығы және кенші Игорь ЛОБОДАНЫҢ 95 жылдығына арналған «Менің өлкем – тұлғаларымен даңқты» атты әдеби қонақжайы өтті.
Іс-шараның мақсаты – жастарды туған өлкенің әдебиетімен, тарихымен таныстыру, туған өлкемен байланысты тұлғалардың өмірін бейнелейтін жазушы шығармалары бойынша жастардың білімін кеңейту, көркем әдебиетті насихаттау.
Шараға арнайы қонақ ретінде Ғабиден Мұстафиннің немере інісі Қазали Мұстафин, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Гүлнар Бұхарбаева, Ғабиден Мұстафин атындағы кенттің мұражай қызметкері Гүлраушан Күлмағамбетова, Қарағанды жоғарғы медициналық интерколледжінің, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің және Ғабиден Мұстафин атындағы №83 мектеп оқушылары қатысты.
Шара барысында қонақтар, әсіресе, Қазали Әбдікәрімұлы жазушының өмірі мен шығармашылығы жөнінде жылы естеліктер айтса, телевизия саласының ардагері Гүлнар Бұхарбаева кезінде жазушының өзімен кездесіп, әдемі сұхбат құрғанын тілге тиек етіп, тың деректер ұсынды. Ал, Ғабиден Мұстафин атындағы кенттің мұражай қызметкері Гүлраушан Күлмағамбетова, мұражайдан алып келген жазушыға арнап жасалған фотоальбоммен көпшілікті таныстырды.
Қ.Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестіктің әншісі Меруеш Башай ақын Серік Ақсұңқарұлының сөзіне жазылған «Қарағанды вальсін» ән шашу ретінде орындаса, №3 балалар өнер мектебі дәстүрлі ән бөлімінің ұстазы Нұрслан Сайдалин Нұрғиса Тілендиевтің «Ауылымды сағындым» әнін шырқады.
Кешке сондай-ақ, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенттері де өз өнерлерімен белсене қатысты. Атап айтсақ, дәстүрлі ән бөлімінің III курс студенті Дәрия Үкібай халық әні «Харарайды», эстрада-вокал бөлімінің II курс студенті Аяжан Дәуленова «Туған жер» әнін әуелетіп, Нұрлан Жорабеков Құрманғазының «Көкала ат» күйін күмбірлетті.
Бұдан бөлек, көпшілік назарына еңбек қызметін 1953 жылы «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігінің №20 шахтасында бастаған кенші Игорь Лободаның мерейтойына орай, «5 арна» журналисі Рушан Бараевтың «Моя Караганда» сериясы бойынша дайындаған бейнеролигі ұсынылды.
Жәлел ШАЛҚАР.