Жаңалықтар

Бүгінгінің батырлары

Күні кеше Нұра өзенінің үстімен өтіп бара жатқан көлік кенет мұз шытынап сынып, суға батады. Көліктің алдында отырған жиырма бір жастағы Оразалы Асылханов дем жинап алып, дереу қимылдап, қасындағы жолаушыларға көмек көрсетеді. Оқыс оқиғаны өтіп бара жатып байқаған Думан Кәкенов те көмекке келіп, көлік ішінен балаларды сыртқа алып шығып, алғашқы көмек көрсетеді.

Күннің суығында суға секіріп, адамды ажалдан арашалау, ерлік көрсету екінің бірінің қолынан келмейді. Ол үшін батырлық һәм үлкен жүрек керек.

Ел Президентінің өзі айтты емес пе? «Көпшілік қазіргі уақытта нағыз батырлардың жетіспейтінін айтады. Бірақ нағыз қаһармандар жұрттың назарынан тыс жерде. Олар – біздің арамызда» деп.

Байқайсыз ба? Біздің қоғамға батыр керек. Кешелі-бері екі азаматқа деген елдің ықыласы ерек.

Білуімізше, Оразалы мұндай батыл қадамға бірінші рет барып отырған жоқ. Екі жыл бұрын дәл осы Нұра өзенінде суға батып бара жатқан үш қыз баланы құтқарып қалған. Ол бұл ерлігін елге жария етпеген, ештеңе күтпеген.

Батыр жігіт жақында ғана отау құрыпты. Тойын 10 желтоқсанға белгілеген екен. Үйінің үлкен үміт артып отырған жалғыз ұлы. Кешегі оқиғадан кейін суық өтіп, сырқаттанып қалған. Дәрігерлер Оразалының денсаулығы қалыпты екенін айтады. Әйелі екеуі Теміртаудың емханасында ем-дом қабылдап жатыр.

Ал, Думан Кәкенов Ғабиден Мұстафин кентіндегі сот ғимаратында күзетші болып еңбек етіп жүр. Биыл қырықтың қырқасына шығыпты. Осы ауылдың тумасы.

Рас, адамды ажалдан арашалап алып қалудың ешқандай оқуы жоқ. Бірақ, бүгінгінің батырлары үлгі боларлық ерлік көрсетті. Елдің, халықтың алғысы алғаусыз. Ол анық. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті көмек көрсеткен қос батырды марапатқа да ұсыныпты.

Мүмкін, жұмыссыз жүрген Оразалының жұмысқа орналасуына ықпал етіп, тойына да тиісті жәрдем көрсетілер. Бастысы, батырларды бағалау, құрметтеу – біздің борыш.

Бет қатталып жатқанда…

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің facebook парақшасында қос батырдың ерлігіне алғыс білдіріп, Думан Кәкенов пен Оразалы Асылхановқа әрқайсысына 5 млн теңге сыйақы берілетінін мәлімдеді.

Қасымхан ҒАЛЫМ 

Басқа материалдар

Back to top button