Жаңалықтар

IQanat-тықтар астанаға аттанды

21 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық IQanat слетіне Қарағанды облысының ауыл мектептерінен 34 оқушы аттанды.

«Білім қуған қазынаға жолығады» деп, оқушылардан үлкен үміт күтетін ұстаздар мен ата-аналар Қарағанды Теміржол вокзалында жас өрендерге сәттілік тілеп, шығарып салды.

«IQanat» олимпиадасы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен 2021 жылы 25 мамырда пәндік олимпиадалар қатарына енгізілген. Ауыл-аймақтағы мектеп оқушыларының лайықты білім алуына жағдай жасау және талантты жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылған жоба болатын. Бұл жоба оқушыларды ҰБТ-ға және олимпиадаларға жоғары деңгейде дайындап, Хакатон жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ауыл мектептеріне арналған IQanat жобасы жыл сайын BI-Group холдингінің директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаевтың қолдауымен өтеді.

Қарағанды облысында IQanat олимпиадасы 2018 жылдан бастау алды. Бүгінге дейін облыстың ауыл мектептерінен 5 000-ға жуық оқушы қатысып, олимпиадада жоғары нәтижеге қол жеткізіп жүр. Атап айтқанда, Қарағанды облысының оқушылары жыл сайын IQanat мектебінің түлегі атанады.

21-25 маусым аралығында Нұр-Сұлтан қаласының Назарбаев университетінде өтіп жатқан республикалық IQanat слетінде оқушылар жаратылыстану және гуманитарлық бағыттар бойынша интерактивті тренингтерге, семинарларға және интеллектуалды ойындарға қатысып, бақ сынайды.

«IQanat» олимпиадасының 3-турына өтіп, Нұр-Сұлтан қаласына аттанғалы тұрмын. Математика пәнінен бақ сынап, жоғары балл жинадым. IQanat-қа қатысып, білімімді шыңдасам деймін. Көптен бері IQanat  туралы оқып-біліп, ізденіп жүрмін, мектебіне түскім келеді. Алдағы турлардан сүрінбей өтсем деймін. Слетке қатысушыларға сәттілік, өзіме жеңіс тілеймін, – дейді Жаңаарқа ауданы Б.Амалбеков атындағы тірек мектебінің оқушысы Бекзат Бимендин.

Республикалық турда жеңіске жеткен жеңімпаздарға диплом мен сертификат беріледі. Ал, турдан өткен 9-сынып оқушыларын «IQanat» мектебі 1 жыл бойы ағылшын тілі, математикалық ойлау, логика бойынша дайындайды. Келесі жылы қорытынды емтиханнан сүрінбей өткен 10-сынып оқушылары сол мектепке оқуға қабылданып, түлегі атанады.

IQanat олимпиадасының алғашқы туры аудандарда, ал екінші туры Қарағанды қаласындағы «Сарыарқа дарыны» базасында ұйымдастырылды. Бұл олимпиада жыл сайын Министрліктің және облыстық білім басқармасының қолдауымен өтеді, – дейді Қарағанды облысы бойынша IQanat қорының координаторы Айман Мақажанова.

Өткен жылдың нәтижелері бойынша жобаға қатысушылар Чикаго зерттеу университетіне (Багдан Ясаков), Қазақстан-Британ техникалық университетіне (Көркем Шабазова) және Сүлеймен Демирел атындағы (Жансая Ибраева) және ЕҰУ Гумилев атындағы университетке оқуға түскен.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button