Ұстаздарға – құрмет
Ұстаздардың төл мерекесінде Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ «Үздік педагог-2020» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Министр қазіргі жағдайда аянбай еңбек етіп жүрген барша мұғалімдерге алғыс білдірді. Сондай-ақ мемлекет тарапынан білім беру саласына үлкен көңіл бөлініп жатқанын да тілге тиек етті.
– Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен білім саласын дамыту бағытында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына ерекше назар аударып, жуырдағы Жолдауында да осы мәселеге үлкен көңіл бөлді. «Ұстаз мәртебесі туралы» Заң қабылданғанын білесіздер. Заң шеңберінде 70-тен аса түрлі бұйрық, қаулы бекітіліп, іске асырылып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен биыл қаңтардан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға өсті. Алдағы жылы тағы 25 пайызға көтеріледі, – деді министр.
Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов педагогикалық мамандықтар бойынша білім алып жатқан болашақ ұстаздардың шәкіртақысы да айтарлықтай көтерілгеніне назар аударды. 1 қыркүйектен бастап олардың стипендиясы 26 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін өсті.
«Үздік педагог» атанған жеңімпаз мұғалімдердің бірі, жерлесіміз Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының тарих пәнінің мұғалімі Мейрамгүл Әмірбекова мұғалімдік саласында білім алып жүрген жастарға мамандықты жүрек қалауымен таңдау қажет екенін атап өтті.
БҒМ баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл байқауға еліміз бойынша 143 мұғалім қатысты. Жеңіп шыққан 64 ұстаздың әрқайсына «Үздік педагог» төсбелгісі мен 2 788 000 теңге (1000 АЕК) көлемінде сыйақы табысталды.
Аяулым СОВЕТ.