Жаңалықтар

«Кедергісіз келешек» қанаттандырады

«Кедергісіз келешек» жобасы аясында «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалы ерекше жандарға сый-сыяпат көрсетті. Құрметке бөленген жандар қоғамға айтулы еңбек сіңіріп жүр. Инватакси қызметі, мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтыру, ерекше жандар мен балалар арбалары жүретін ыңғайлы жол салу секілді түрлі мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуға ат салысып жүр.

 «AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбеков өз сөзінде ерекше қажеттіліктері бар жандарға қолдау көрсету мемлекеттің басты назарында екенін және партияның әлеуметтік жобалары аясында жүйелі жұмыс істеліп жатқанын атап өтті.

– «Кедергісіз келешек» жобасы біздің партия жобаларының бірі. Ерекше азаматтардың бірдеңгейде өмір сүруі, қатарынан кем емес екенін сезіндіру үшін жиі ұйымдастырып отырамыз. «Кедергісіз келешек» жобасы денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын арттыруға, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруға, кедергісіз орта құруға, мүгедектердің құқын тиімді жүзеге асыру үшін құқықтық кеңістік қалыптастыруға бағытталған. Бұл ретте Қарағандыда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Қоғамдық шараларға белсене қатысатын 11 ерекше жанға сертификат табыстадық. Өздерінің қалаған затын сатып алу үшін Орталық әмбебап дүкенінің 30 мың теңге сертификатын бердік, – дейді Бекзат Қомарұлы.

«Біз пұл марапатты алу үшін жұмыс жасаған жоқпыз. Өзіміздің күнделікті өмірдегі мәселелерді өткір көтеріп, жеткізу азаматтық борышымыз. Бұл мәселелерді өзіміз көтеріп, шешімін таппасақ, кім көмегін тигізеді? Бастысы, бізді мемлекет естиді, тыңдайды, көмек қолын созады. Сол еңбегімізді елеген партия басшылығына үлкен алғысымды жаудырамын», – дейді «Логос- Қарағанды» ҚБ жетекшісі Әлия Сүлейменова.

Кездесуге Абай қаласынан арнайы келген «Бірлік» шығармашылық ұжымы әуезді әндер шырқады. Жиналғандар партияның жергілікті филиалы басшылығына жүрекжарды лебізін білдіріп, көңілді тарқасты.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button