ҰСТАНЫМЫ – туған жердегі өмірді жайлы ету
Бұған дейін де өзінің қайырымдылық істерімен танымал Eurasian Resources Group (ERG) індет кезінде де қол қусырып қарап отырмады. Өндіріс ошақтары орналасқан өңірлерді дамытуда жыл сайын әкімдіктермен ынтымақтаса әрекет етіп, экономикалық аса маңызды жобаларды жүзеге асырып келген ERG қиын сәтте тағы мәрттік танытты. Экономиканың өсу драйвері болып қана қоймай, жауапкершілікті жете түсініп, адамдардың әл-ауқатын арттыруды да мақсат еткен компания қайырымдылық жұмыстарының ажырамас бөлігінің бірі екенін осылай көрсетті. «Туған жердегі өмірді жайлы ету» деген ұстаныммен жақсылық жасауды олар өздерінің тікелей міндеттеріне алған.
Жалпы, ERG – өндіру, қайта өңдеу, энергетика, логистика және маркетинг салаларында кәсіпорындары толық біріктірілген дүние жүзіндегі әртараптандырылған тау-кен-металлургиялық жетекші Топтардың бірі. Ел аумағында «Қазхром» ТҰК» АҚ, «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Қазақстан Алюминийі» АҚ, «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ, «Шұбаркөл көмір» АҚ, «3-Энергоорталық» АҚ, «ТрансКом» ЖШС, «3-Энергоорталық» АҚ және «ERG Service» АҚ өндірістік активтерін басқарып, экономикаға маңызды үлес қосатын ірі кәсіпорын.
Миссиясы – атқаратын ісінде үздік болу, құндылықтарға адалдықты сақтай отырып, әлеммен бірге даму, жер мен адамзаттың әлеуетін ұқыпты пайдалану болса, бұл қатарда сенім артқандардың гүлденуін қамтамасыз ету де бар. Демек, «алаған қолым – береген» деп, пайданы ғана емес, пайдалы болуды да көздеген компания 2020 жылы облыс әкімдігімен әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырудағы өзара әріптестік туралы меморандум жасасқан болатын. Құжатқа қол қойған ERG-дің Бас атқарушы директорының бірінші орынбасары Алдияр Қазтаев та сол кезде аймақ басшысы Жеңіс Қасымбекке «Туған жердегі өмірді жайлы етуге мүмкіндік беріп отырған әкімдікке алғыс айтамыз» деген болатын.
Одан бөлек, 2020 жылы ERG өңірдің әлеуметтік саласын қолдап, дамытуға 843 млн. теңгеден астам қаражат бөлді. Оның 600 млн. теңгесі Қарағандыда үстел теннисі орталығын салуға жұмсалды. Жоспар бойынша, құрылыс 2020 жылы басталып, 2021 жылы аяқталуы керек.
ERG жасаған жақсылық мұнымен шектеліп қалған жоқ. Барлық күш-жігерді індетпен күресуге жұмсауға тура келгенде, көмек қолын созған тағы осы – ERG. Мәселен, облыс орталығындағы базар маңындағы көшені жөндеу, Шұбаркөл кентінің жылу қазандығын жөндеп, қызметін қамтамасыз етуге де қосқан үлесі ауыз толтырып айтарлықтай.
Мектептер де назардан тыс қалған емес. Қарағанды мен Шұбаркөл ауылындағы мектепті жөндеп, абаттандыру, әрі осы білім ұясына STEM зертхана сатып алуға қарастырылған қаражат та бар.
Мұның барлығы ауқымды шаралар болса, өмірдің қиын жағдайына тап болған жекелеген адамдарды да компания ұмытпақ емес. ERG аймақты қолдау аясында Қызылжар мен Шұбаркөл кенттеріндегі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 3 мың тоннадан астам көмір берді.
Жоғарыда атап өткен меморандум аймақты дамытуға бағытталған ERG бастамаларынан бөлек, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын облыс әкімдігінің әлеуметтік маңызды жобаларын да қамтыған. Бұл қатарда «Астана-Қорғалжын-Баршын-Шұбаркөл-Қызылжар» автокөлік жолын, Жаңаарқа ауданының жолын жөндеу, аудандық маңыздағы «Пикет-Соналы-Изенді» автокөлік жолындағы су өткізу құбырларды ағымдағы жөндеу, ауыл іші жолдарын жөндеу сынды ERG қызметкерлері үшін маңызды жобалар бар. Шұбаркөл кентін аббаттандыруға да қаражат қарастырылған.
Салтанат ІЛИЯШ.