Жаңалықтар

Кілем жуу да табысты кәсіп

Ертеде күн жылынса кілем арқалап арық жағалайтын едік. Жаздағы жауапты жұмыстың бірі осы. Ал қазір кілем жуу үшін жазды күтудің қажеті жоқ. Қала тұрмақ ауылдың өзінде кілем жуатын орталықтар бар. Сондай клинингтік орталық ашып, аудан халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп отырғандардың қатарында Қарағайлы кентінің тұрғыны Асылгүл ӘЙТЕНОВА бар.

Еңбекке ынталы жас аталмыш кәсіпті алғашында өз қаражатымен бастаған. Ауданда бұрын мұндай сапалы қызмет түрін көрсететін арнайы орталық болмады.

– Кілем жуу кәсібін 2019 жылы бастадық. Бастапқыда жолдасым екеуіміз өз қаражатымызға роторлық жуу құралын сатып алып, әлеуметтік желіде жарнама жасадық. Әр тұтынушының қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында үнемі ізденіп қызметіміздің сапалы болуына көңіл бөлдік – дейді, кәсіпкер келіншек.

2019 жылы кәсіпкер Қарқаралы ауданы әкімінің жастар бастамашылығын дамытуға арналған 1 млн. теңге грантын иеленеді. Қаражатқа орталыққа қажетті кілем сығатын центрифуга мен ауа кептіргіш құрылғыларын сатып алады. Кілемнің сапасын, түр-түсін сақтап қалу үшін сапалы сусабындарды пайдаланады. Кейінгі кезде тапсырыс көлемі ұлғайған соң жұмыскерлердің де саны артқан. Орталыққа қажетті қосымша құрылғылар алынды, 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Күніне 15-20 кілем жуады.

Қызметінің сапасына жіті мән беретін ерлі – зайыпты кәсіпкерлер Ардақ Құсайынов пен Асылгүл Әйтенова үшін бастысы – халықтың сенімі мен риза көңілі. Осы орайда, кілемдерді арнайы сертификатталған, гипоаллергенді сусабындармен тазалап, түрік өнімді ғана пайдаланады.

Бүгінде аудан халқына қызмет көрсетіп отырған жеке кәсіпкер кілемді өз көлігімен алып кетіп, жеткізіп береді.

Халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп отырған клинингтік орталық қызметіне деген сұраныс жоғары. Себебі, кәсіпкер ел алдындағы жауапкершілікті айқын сезінеді.

Сағыныш ӘБІЛ.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button