“Қара алтын” сіздерде қаншадан?
Қыс – қыр астында. Қиын үйіп, шөбін маялаған жұрттың ендігі уайымы – «қара алтын». Өзге емес, іргеден шығатын көмірдің бағасы аспандап тұр. Лаж жоқ, еріксіз алыпсатарлардың бағасына көніп, қалтасындағы ақшасын қағып береді. Жалпы, облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының дерегіне сүйенсек, облыс аумағында көмір 10 шахта және 13 разрезде өндіріледі екен. Былтыр көмір өндіруші кәсіпорындар 35,4 млн. тонна көмір өндірсе, оның 12,5 млн. тоннасы экспортталған. Ал, биыл өнім көрсеткіші былтырғымен салыстырғанда 36 млн. тоннаға жоспарланған.
РЕСПУБЛИКА ӨҢІРЛЕРІНЕ 5,4 МЛН. ТОННА КӨМІР ЖӨНЕЛТЕДІ
– «1 шахта» ЖШС – «Рапид» көмірімен, 5 разрез – «Молодежный», «Шұбаркөл көмір», «Sat Komir», «Кузнецкий», «Соқыр көмір» секілді көмір түрлерімен қамтамасыз етеді. Жоғарыда аталған кәсіпорындардың өнім көлемі биыл – 25 млн. тонна. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 7%-ға артқан. Сонымен қатар, кәсіпорындар биыл республика өңірлеріне 5,4 млн. тонна көмір жөнелтуді жоспарлап отыр. Ал, «Шұбаркөл көмір» АҚ кәсіпорны 7% өсіммен республика өңірлеріне 4,5 млн. тонна артпақ. Бұл көрсеткіш былтыр 4,2 млн. тонна болған, – дейді облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мамандары ұсынған ақпарат.
Ел арасында ең көп сұранысқа ие отын – Шұбаркөл көмірі. «Жылуы – мол, күлі – аз» деп бағасына қарамай жылдам сатылады екен. Алайда, соңғы уақытта бағасы қалтаға салмақ сала бастады. Ал, облыстық өнеркәсіп басқармасының мамандары «Шұбаркөл көмір» АҚ көмірінің сату бағасы өткен жылдың деңгейінде» дейді. Егер көмірді көлігіңізге тиеп, өзіңіз алып кетер болсаңыз тоннасы 8 000 теңгеден басталады. Қарағанды қаласы бойынша сату құны – тоннасына 11 500 теңгеден екен. Ал, облыс орталығынан шалғайда жатқан ауыл-аймаққа алыпсатарлар екі есе бағамен сатылымға қояды. Яғни, орталықтан алып, шалғай жатқан елді мекендерге көмірді жоғарғы бағамен саудалап жүрген – алыпсатарлар. – Облыс тұрғындары үшін көмір 33 негізгі сату нүктелеріне жеткізіледі. Оның 22-сі – теміржол тұйығында, қалғаны жергілікті қоймаларға түсіріледі. Көмірдің тоннасы орташа бағамен алғанда – 14 700 теңге, – деп мәлімдеді облыстық өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мамандары.
«ШҰБАРКӨЛГЕ» БИЫЛ ДА СҰРАНЫС КӨП
Қарқаралы ауданының тұрғындарының тең жартысы «қара алтынды» тұтынады. Жыл сайын Шұбаркөл көмір, «Sat Komir», «Майкөбе көмірі», «Кузнецкий» сынды көмір түрлері жеткізіледі. Ауданда Шұбаркөл көмірінің тоннасы – 22-25 мыңнан, «Sat Komir» – 17-18 мыңнан басталады. Бұл – биылғы баға.
– Біз әлі көмір түсірмедік. Былтыр «Шұбаркөл» көмірінен 5 тонна алғанбыз. Биыл да 5 тонна түсіру қажет. Баға аспандап тұр. «Аудан орталығында тоннасы – 22-24 мыңнан» деп естіп жатырмыз. Былтыр тоннасын 17 мыңға алғанда, қымбатсынып едік. Биыл жағамызды ұстадық. Енді 120-130 мың теңге дайындау қажет, – дейді Гүлзайра есімді аудан тұрғыны. Қасым Аманжолов ауылының тұрғыны Алмагүл (есімі өзгертілген) есімді жалғызбасты ана:
– Жылда Шұбаркөл көмірін аламыз. Жылуы да, жануы да керемет. Былтыр түсірген көмірім қыс соңына жетпей, наурызда 3 тонна қайта алдым. Сол уақытта тоннасы 22 мыңнан болған. Өткенде көмір бағасын білейін деп хабарлассам, «25 мыңнан әкелдік» дейді. Ал, маған 7-8 тонна түсіру қажет. Көмір былай тұрсын, тамызыққа ағаш бар алатын. Өткенде орман шаруашылығынан бір машина отынды 40 мыңға түсірдім. Ағам бірнеше күн бұрын карьерден тоннасын 7 мыңнан алып, өздері артып кетті. Карьерде тоннасы 7 мың болса, бізге алыпсатарлар еселеп сатуда. Біз шағымдансақ, олар «Тауар бағасы өсуде. Көмірдікі де көтеріліп кетті. Енді біз не істейміз?» дейді. Бізге түсіріп беретін ешкім жоқ. Әрі ешкімге де алақан жайғым келмейді. Сөйтіп, еріксіз сол алыпсатарлардан аламыз, – дейді.
«Медицина саласы, мәдениет қызметкерлеріне, мұғалімдерге» деп үкімет тарапынан бір реттік 2 АЕК көлемінде әлеуметтік төлем беріледі-мыс. Бірақ, бұл ақшаға қазір бір тонна көмір де ала алмайсыз. Алайда, аз да болса бөлінген ақша – жыртыққа жамау. Бірақ, жыртығымды жамаймын деп отырған елдің есепшотына сол қаржы түспей жатқан көрінеді.
– Былтыр көмірге деп үкімет тарапынан 14 мың берілді. Биыл «Былтыр алдыңдар, биыл берілмейді» деп құжаттарымызды жинаған жоқ. Ал дыңғы жылы да алмап едік. Сонда екі жылда бір береді деген сөз. Балаларыма үкімет тағайындаған пособиялар бар. Айлығымды, балаларымның ақшасын қосып жаратып келеміз, – деп жалғастырды Алмагүл ханым әңгімесін.
БҰҚАР ЖЫРАУДА КӨМІР АЗ
Ел ішіндегі күбір-күбір әңгіме бізге де келіп жетті. Ауданда Шұбаркөл көмірі жоқ. Ал, «Сәт» көмірінің қоры аз. Баға аспандап тұр. Негізі, ауданға Қарағанды мен Майкөбенің, Қушоқының және Шұбаркөл көмірі жеткізіледі. Алайда, Қушоқы көмірінің күлі көп болғандықтан, жұрт Шұбаркөл көмірімен араластырып алады-мыс.
– Былтыр «Сәт» көмірінен 10 тонна түсірдім. Сол уақытта тоннасы 12 мыңға түсті. Қыс бойы шамамен 7-8 тонна жағыппын. Биыл да 10 тонна түсіреміз бе деп отырмыз. «Уақыт келді ғой» деп, хабарландырулар бойынша қоңырау шалсам, жылда алатын көмірдің тоннасы 18 мың болыпты. «Неге сонша қымбат?» десем: «Сәт» көмірі тапшы. Сол себепті қымбатқа алдық. Ал, Шұбаркөл көмірі мүлдем жоқ. Польшаға экспортталуда» деп жауап қатты. Басқаларына қарағанда бағасы арзан әрі пештің тартымына келетін болғандықтан жылда осы көмірді аламыз. Биыл көмір таусылып қалмай алып үлгеру қажет. Өз басым жылда 10 тоннадан кем алмаймын. Себебі, қыста көмірі таусылып қалатындар бар. Сонда еріксізден еселенген бағамен қаппен алудан басқа амал қалмайды, – дейді Ботақара кентінің тұрғыны Айгүл Есмакаева.
Ал, мектептен берілетін әлеуметтік көмек жайында сұрағанымызда:
– Былтыр «көмірге берілетін ақшаны үй басына шаққанда бір ғана адамға береміз» деген-тін. Алайда, біз көнбедік. Беретіні – 2 АЕК. Биыл әрқайсымызға төледі. Медицина саласында істейтін бауырым өзіммен бірге тұрады. Яғни, біздің үйде тіркеуде. Бірақ, бөлінетін ақшаны екеумізге жеке-жеке түсірді. Бізде мектепте жолдасы, қызымен бірге істейтін жандар бар. Оларға да жеке-жеке аударылды, – деді ол. Ал, үштөбелік Байжан есімді азамат:
– Біз жақта көмір тоннасы 10 мыңнан басталады. Әсіресе, Шұбаркөл көмірі жылдам сатылады. Былтыр «Рапид» көмірінің тоннасын 17 мыңнан алдық. Бірақ, алыпсатарлар «Таза Рапид көмірі» деп алдап, сапасы төмен бірдеңе сатты. Биыл «Сәт» көмірін ауылда таныстардан 14 мыңға алдым. Олардан қалай сұрасаң да бағасын түсірмейді. Бірақ, таныс әрі сенімді адамдарың болған соң, сапасы жақсы көмір түсіреді. Ал, біз жақтағы алыпсатарлар сапасы нашар көмірлерді араластырады. Үйде қуаты 600 шаршы метр аумақты жылытатын болатын үлкен пеш тұр. Былтыр 30 тонна көмір жақтық. Биыл да осы мөлшерде түсіреміз. Қазір біз жақтағылар сапасы жақсы «Рапид» көмірін алу үшін 5-6 айлап кезекке тұрады. Тіпті, мен білетін кейбір ауыл азаматтары жазда тапсырыс берген, күтіп отыр, – деді. Алыс-жақын елді мекендердегі көмір бағасын саралап, салыстырып көрдік. Бағасы ара қашықтыққа байланысты құбылып тұр. Алайда, алыпсатарлардың белден басуы қашан тыйылар екен?!
Ербол ЕРБОЛАТ.