Жуырда Приозерск қаласында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінің теолог маманы, облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі Мадияр УАҚАСОВПЕН кездесу өтті.
Мұндағы мақсат – жастарға еліміздің дінге қатысты ұстанымдарын түсіндіру мен оларды түрлі жат ағымдардан сақтануға шақыру. Шара барысында Мадияр Уақасов «Терроризм мен экстремизмнің іргетасы және дәстүрлі дін дегеніміз не?» тақырыбында баяндама жасады.
– Біздің мақсатымыз діни экстремизмнің алдын алу бағытында діни сауаттылықты арттыру, терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу және онымен күресудің жолдары, елімізге келтіретін зардаптарын жан-жақты талдап, түсіндіру, қатер төндіретін жат діни ағымдардан сақ болуға, діни сауаттылыққа, имандылыққа тәрбиелеу. Қазір елімізде діни секталар мен әртүрлі ағымдардың да белең алып тұрғаны анық. Осы орайда жастарымыздың алдау мен арбауға түсіп қалмауы үшін діни сауаттын арттыру бағытында осындай пікір алмасу өткізіп отырмыз, – деді Мадияр Уақасов.
Сонымен қатар, теолог дін туралы, оның қоғамдық мәні жайында мәліметтер айтты. Іс-шараға қатысушылар тарапынан көптеген сұрақ қойылып, тиісінше жауап берілді.
Нұрдос КӘРІМ.
ПРИОЗЕРСК қаласы.