Жаңалықтар

Шахтер амандығына министрлік алаң

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері қарағандылық шахтерлердің жұмыс жағдайымен танысты. Делегацияны Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол НҰРҒАЛИЕВ бастап келді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, делегация мүшелеріне «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасындағы заманауи технология жүйесі таныстырылды. Жаңа технология монитор арқылы жер астындағы процестерді бақылауға, оларды басқаруға және штаттан тыс жағдайлар бойынша тез шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

– Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өндірістегі жарақаттану жағдайларына алаңдаулы. Өкінішке қарай, 8 айда бұл жағдайлар көрсеткіші өсті. Біз жұмыс сапары барысында қауіпсіздік техникасына, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселесіне назар аударамыз, – деді Ербол Нұрғалиев.

«Қазақстан» шахтасы Қазақстанда бірінші болып позициялау жүйесін енгізіп отыр.

– Шахтада диспетчерге сигнал беретін чип бар. Диспетчер кез келген сәтте кенжардағы шахтермен байланыса алады. Осы жүйе арқылы жер астында жүрген шахтерлердің барлығына бір уақытта сигнал беруге болады. Бұрын телефон жүйесімен хабарласқанда көп уақытты қажет ететін және кейбіреудің хабарламаны естімей қалу қаупі бар еді, – деді ЖТҚ учаскесінің механигі Роман Жилкин.

Сонымен қатар, шахтада бейнебақылау жүйесі орнатылған.

– Кәсіпорын заманауи технологияларды енгізіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл қуантады. Өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға жасалған оң қадам деп бағалаймыз, – деп атап өтті Ербол Нұрғалиев.

Министрлік өкілдері кенжарға түсіп, жер астындағы жұмыс жағдайымен танысты.

Бұдан бөлек, делегация жұмыс сапары барысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Болат департаментінің қызметімен танысты. Саран қаласындағы «Казцентрэлектропровод» ЖШС, Қарағандыдағы Maker ЖШС құю-машина жасау зауытында болды.

Сондай-ақ, Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен өндірістік жарақаттану көрсеткіштерін төмендету бойынша кеңес өтті.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button