Ресми

Тіршілік нәріне қамқорлық

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Топар бөгетін күрделі жөндеуден өткізу, Топар және Шерубай-Нұра өзендерінде санация жұмыстары қолға алынуда. Облыс әкімінің орынбасары Серік ШАЙДАРОВ аталған су нысандарын аралап, ондағы шаралар барысымен танысты.

Құлайғыр ауылындағы Топар бөгеті 1937 жылы салынған. Сол уақыттан бері жөнделмеген. Жөндеу жұмыстары басталғанға дейін бөгет апатты жағдайда болды. Тоғанда қамыс пен бұта өсіп, шұңқырлар пайда болған. Су мөлшері аз, су төгетін құрылым жойылған. Бөгет малға арналған су көзі ретінде қызмет етеді. Мұнда қар суы жиналады. Тұрғындар суды бау-бақша, ауыл шаруашылығы дақылдарын суару үшін пайдаланады.

Мамандар гидротехникалық құрылыстардың барлық функцияларын қалпына келтіреді. Сондай-ақ, су өткізу жолдары салынады. Нәтижесінде, көктемде Құлайғыр ауылы тұрғындарының үйлерін су баспайды. Қолданыс үшін тоғаннан суды сеніммен бере беруге болады. Тоған рекреациялық мақсатта пайдаланылады.

Топар өзені Шерубай-Нұра өзеніне оң қапталдан, Шерубай-Нұра су қоймасынан 6,8 шақырым жоғары құяды. Өткен жылдардағы су тапшылығы Топар өзенінің табиғи арналық деформациясына және оның таяздануына әкелді. Сонымен қатар, өзен су өсімдіктері басып кетті. Осыған байланысты су ағынын қалпына келтіру қажеттілігі туындады. Өзен ұзындығы 2,64 шақырымды құрайды.

Қазіргі уақытта Шерубай-Нұра өзені арнасындағы ағыс тоқтап, қамыс пен ағашқа толған. Жылдың қыс-көктем мезгілдерінде өзен арнасы арқылы судың өтуі қиын.

Тасқын су арнадан шығып, Көксу және Юбилейное ауылдарының жа ғалау аумақтарын су басады. Құрылыс жұмыстары Жартас су қоймасынан Шахтинск қаласы бағытында жүргізілуде. Өзен арнасының ұзындығы 16,563 шақырымды құрайды.

Өзендерді санациялау бойынша жұмыстардың негізгі түрлері жағалауды нығайту, түбін тереңдету және өзен трассасы бойынша ағаштарды тамырлау болып табылады.

Аталған жобаларды жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 827,7 млн. теңге бөлінді. Жобалар қоршаған ортаны қорғау және ерекше авариялық су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіру жөніндегі бағдарламалар шеңберінде іске асырылады.

Жобаның мақсаты – елдімекендер мен ауыл шаруашылығы алқаптарын су басудан қорғау, сондай-ақ су тасқыны кезеңінде су басудың алдын алу, су объектісінің экологиялық жағдайын жақсарту.

Аталған жұмыстар биыл басталды. Келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

Сапар қорытындысында Серік Шайдаров жобаларды сапалы іске асырып, уақытылы аяқтауды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button