Ресми

Ер сыншысы – елі немесе батырға да қолдау керек

«Болар елдің баласы бірін-бірі батыр дер» дейді дана халқымыз. Осыдан 2 жыл бұрын Елім деп еңіреген азаматтардың бірі, досымыз Тілеугерей МАКАНАЛИН туралы оның мерейтойы қарсаңында облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінде «Батырдан – шапағат, жақсыдан – шарапат» атты мақаламызды жариялаған едік. Оның тағы да бір себебі, Тілеугерейдің азаматтық ұстанымы халқымыздың әділ бағасын алып, халық батыры Бауыржан МОМЫШҰЛЫНЫҢ құрметіне тағайындалған «Батыр шапағаты» медалімен марапатталуы болатын.

Батыр рухынан шапағат алған Тілеугерейдің айналасына шуағын шашып отырғанын да айтқанбыз. Оған сыншы болатындар – сағымдай сырғыған уақыт пен айналасындағы біте қайнасқан өз елі. Бірақ, Тілеугерей өз жолынан айныған емес, сол баяғыдай жақсылық жасаудан аянбай келеді.

Оны өз қатарластарынан ерекшелендіретін бір қасиеті – қарапайымдылығы. Онысы кейде тым қарапайымдылықпен де ұштасып жататын сияқты.

Тілеугерейдің бұл мінезі кейде қызық көрінуі де мүмкін. Істеген ісіне мақтау күтпейтін, тіпті, сол мақтануды суқаны сүймейтін Тілеугерейді бұрыннан білмесек, біздің де таңырқауымыз ғажап емес еді. Білген сайын: «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын» деген халық нақылы осындай азаматтарға арналған-ау сірә, деген ойға қаламыз.

Оның тағы бір қасиеті – патриоттығы, Отан ананы қастерлей білетіндігі. Елін, туған жерін сүю – ол үшін пафос емес, өмірлік ұстаным.

Осылайша ол туып-өскен жері Балқаш қаласымен бірге толысып, бірге жасап келеді. Көп жылдан бері басқарып келе жатқан қалалық Бокс федерациясының бір түлегі додадан топ жарып келсе, өзі жеңіп келгендей қуанды. Өз қаласы үшін, оның мәртебесінің арта түскені үшін қуанады.

Шынында, Тілеугерей Исламұлының бір басына жететін атақ-абыройы бар. Бүгінде туған қаласы үшін ұтымды жұмыс істеп тұрған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің директоры. «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісінің иегері. Бірнеше мәрте мемлекеттік органдардың Алғыс хатымен де марапатталған. Спортпен шыңдалған жігерлі азаматтың бұл салада шығатын шыңдары әлі де алда екеніне сенім мол.

Туған қаласында ол табысты кәсіпкер ретінде де кеңінен танымал азамат. Кәсіпкерлігінің негізгі бағыты – халыққа қызмет көрсету. Осы арқылы ол жомарттығын жиі көрсетеді. Көмегін де, жоқ-жітікке тигізер шарапатын да дабыраламай-ақ көрсете біледі. Міне, осындай абзал қасиеттерімен бүгінде еліне де сыйлы.

Біз осы шағын мақалада Тілеугерей Исламұлы туралы достық сырымызбен бөлістік.

«Ат жақсысын мақта, адам жақсысын жақта» – деген нақыл бар халқымызда. Біз оның екі қасиетін ғана бағалауға тырыстық. Шын бағасын елі берсін. Себебі, еліне де ері керек. Ал, Тілеугерей Исламұлы болса өзін туған елі мен жерінен ешқашан бөліп көрген емес.

Бірақ, қанша айтсақ та, батырға да қолдау керек. Анда-санда қайрап отырмаса, алмас қылыштың да жүзі мұқалмай ма?!

Осындай абырой биігіндегі азаматқа өзі тастүлектей түлеген Балқаш қаласының «Құрметті азаматы» атағын беруге уақыт жеткен сияқты!

Ендеше, біз шебер ұйымдастырушы, өз ісінің майталманы, атымтай азамат Тілеугерей Маканалинді Балқаш қаласының «Құрметті азаматы» атағына ұсынамыз. Көзін ашқалы елі үшін еңбек етіп келе жатқан ол – бұл марапатқа әбден лайық!

Оралғазы НҮРКЕНОВ,

химия ғылымдарының докторы, профессор.

Бораш ТӨЛЕУОВ,

ҚР ҰҒА академигі,

химия ғылымдарының докторы, профессор.

Басқа материалдар

Back to top button