Жаңалықтар

Бұл сайлау бұрынғы сайлаудан өзгерек

Барыс жылы табыс жылы болып тұр. Бұл жылдың тарих қойнауына тапсырар небір терең дүниелері қатталуда. Өз басым Қазақстан Республикасының кезектен тыс Президент сайлауына пікір білдіріп, сараптама жасауға хақым бар деп пайымдаймын. Енді барлығын өзінің ретімен жіліктеп көрелік.

 

Бірінші. Сайлау ұғымы хақында. Көзімді ашып, естияр болған кезден-ақ, сайлау науқандарына белсене қатысыппын. Шыны керек, «сайлау» дегенде мен ең алдымен қарақан жұрттың тағдырын өзгертетін, мерекеге бергісіз маңызды күн екендігін жан-тәніммен сезінемін. Өмірімде біраз сайлау науқанына қатыстым. Сонау, кеңес дәуірінен — осы уақытқа дейін. Сондағы түйсінгенім, кез келген сайлау халық үшін — сират көпірі. Яғни, ел мойнына жауапкершілік жүктейтін сындарлы сәт. Бұл тұрғыда біздің де аз-кем айтарымыз бар. Уақытында Мәжіліс депутаттығына үміткердің сенімді өкілі де болдық. Енді сайлау барысына тоқталып өтелік.

Сайлауға қатысқан кандидаттар. Бағам — біреу. Әрқайсының келбет-кейпі мен салмағын сайлауда еншілеген пайыздары ымдап тұрғандай. Халықтық коалиция жұмысына Ерлан Қошановтың жетекшілік еткені ұтымды қадам болды. Айта кетелік, AMANAT партиясының арқалаған жүгі қорғасындай салмақты. Бағымызға орай, өңірімізде аталған партияның атқарушы хатшысы Бекзат Алтынбековтей берен тұлғаның келуі өңірге серпінді серпіліс әкелді. Халық партияға адымдап жақындай бастады. Бірақ, партияның жүгін осындай тұғырлы тұлғалар ғана сүйреп жүргені байқалып-ақ тұр. Өзге жергілікті деңгейдегі біраз депутаттар көп салада дүмбілез екендігін арагідік көрсетіп қалады. Әсіресе, мұндай көріністер сайлау үдерісінің үгіт-насихат барысында қажетсіз бас шұлғулар, яки, айтар сөзді айтпай қалу сынды «белгілермен» көрініс тауып отырды.

Екінші. Бұл сайлау — бұрынғы сайлаудан өзгерек. 2019 жылғы Президент сайлауымен тіпті шендестіруге келмес. Биылғы сайлаудың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде өтті. Байқаушылар қоғамдық бірлестігі де сауатын арттырған екен. Ертеңінен үміт күтетін елдің бәрі бір атаның баласындай, бес саусақтың саласындай жік-жапар болып дауысын беріп, таңдауын жасады.

Тағы бір қуантарлық жайт — жұмысбасты жастардың белсенділігі. Әсіресе, Сарандағы жастар. Оның ішінде менің ұлым да бар. Неліктен? Президент Сарандағы сапарында жастарға жалын берді. Ал, өзгелер ше? Олар неге халыққа сенім ұялатпайды? Бұл — ғасырлардан келе жатқан қасиетті алтын қағида.

Байқаушылардың айтуынша, жұмыс сағат тілінің тізбегімен орындалып отырды. Осы жолғы сайлау ең мәдениетті сайлау болды. Өз басым ертемен тұрған байқаушыларыма шексіз алғысымды білдіремін. Бұл алғыс менің ғана емес, тұтас халықтың рахметі десем ләзім болар.

Қарағанды облысы — көкірегі ояу өңір. Билік халықтың көкейіндегісін тап басатындай деңгейге жетіпті. Бұрынырақ сайлау десе, сайқымазақ сөзі көкейімізге еріксіз кептелетін еді ғой. Қазір сайлау десек, ойлау сөзі санамызға оралатындай.

Үшінші. Қош, сайлау қорытындысы шығар. Президентіміз сайланар. Біз осы жеті жылдан не күтеміз? Алдымен бұл ірі күрделі реформалар кезеңі деп пайымдаймыз. Анығында, бағамы жоғары бағдарламалар жүзеге асырылар кезең деуіміз орынды болар. Халықтың айтқан шындығы салтанат құратын жылдар деп ойлаймыз. Үмітіміздің ақталғанын қалаймыз. Бұл орайда «Ortalyq Qazaqstan» сынды қабырғалы басылымның атқаратын жүгі ауыр. Мен дауысымды Қасым-Жомарт Кемелұлына бердім. Бұл — менің арым алдындағы ақ адал таңдауым.

Төртінші. Кеше ғана Exit poll қорытындысы кезіндегі Қасым-Жомарт Кемелұлының өзін сұңғыладай салқынқанды ұстаған бекзат болмысы көз алдымда. Өзінің халқына деген ақжарма көңілін мемлекеттік тілде емін-еркін жеткізуі еңсемізді тіктегендей әсер қалдырды. Бұл арқылы біз баба тіліміздің өзінің тұғырына мықтап қонатынын іштей түсіндік.

Бесінші. Бізде әдетте «Ел үшін. Атамекен, жер үшін» деп бос айқайлап, ұрандайтын әсіре белсенділеріміз сайлауда самарқау болды. Сенесіз бе? «Ана жердің мына жері сынып кетіпті», «Мына жердің ана жерін бүйту керек» деп даңғаза шығаратын «дарабоздарымыз» төбе көрсетпеді. Бұл — оң нышан. Жалпы науқан барысында ретсіз кедергілердің кемуі, ұйымдастыру жұмыстарының өздігінен ұйыса кетуі қабылданып жатқан реформалардың күтілген кезекті жемісі деп пайымдаймыз. Жұмыс жеңілдеп, қорытындысы көңілді қош қылды.

Берекелі сайлау науқанының біз бөліп алар бес тұсы — осы. Әр сайлауымыз осындай салиқалы өткенге не жетсін, шіркін! Келесі жылы Парламент сайлауы болмақ. AMANAT біз айтқан жайттарды аңдаса екен деген ниет бар. Ниетіміз қабыл болғай.

Майра АБДРАХМАНОВА,

«Parasat» саяси науқандарды бақылау қоғамдық бірлестігінің төрайымы, қоғам қайраткері

Басқа материалдар

Back to top button