Ресми

Қарағанды облысы соттар әкімшісінің басшысы тағайындалды

Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы Наиль Ахметзакиров жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді.
Облыстық сот қызметкерлерімен өткен кеңесте ол ұжымға жаңадан тағайындалған Соттар әкімшісінің басшысы Мақсат Исинді таныстырды. Ол соттағы еңбек жолын маман болып бастаған Соттар әкімшісінің басшысын меритократияның жарқын үлгісі деп атады.
Департамент басшысы соттарға келушілермен қарым-қатынас жасау қызметі мен мәдениетіне, сот ұсынатын қызметтердің ашықтығына, жеделдігіне және сапасына ерекше назар аударды.
Сапар барысында Н. Ахметзакиров пен облыстық соттың төрағасы Н.Шәріпов Теміртау қалалық сотында болды. Олар күрделі жөндеу жұмысы аяқталып келе жатқан ғимараттың қасбетін, холдарын, рұқсаттама бюросын, медиаторлардың және адвокаттардың кабинеттерін, сот отырысының 11 залын аралап көрді.
Жалпы ауданы 4 мың шаршы метрді құрайтын ғимаратта Теміртау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты орналасады. Бірінші қабаттағы фронт-кеңседе жөндеу жұмыстары аяқталған. Онда келушілерге ыңғайлы болуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Екінші және үшінші қабаттарда судьялар мен мамандардың кабинеттері, баспасөз орталығы және мұражай орналасқан.
Қалалық соттың судьяларымен өткен кездесуде Департамент басшысы олардың жұмыс жағдайына ден қойды және сот жүйесі қызметінің басым бағыттары туралы хабардар етті. Сонымен қатар ол соттардың қызметін материалдық-техникалық жабдықтау және ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.
Сапар аясында Департамент басшысы Саран қалалық сотында және Октябрь ауданының № 2 сотында болып, олардың карантиндік шаралар шеңберінде атқарып жатқан жұмыстарымен егжей-тегжейлі танысты. Қазіргі уақыттағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты істер онлайн режимде қаралуда, келушілердің ғимаратқа кіруі шектелген.
Анықтама.
Мақсат Исин 1986 жылы дүниеге келген.
2007 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ді «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
2015 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «экономика және бизнес» мамандығы бойынша тәмамдаған.
2012-2018 жылдары Қарағанды облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының жетекші маманы, Ұлытау ауданы № 2 аудандық сотының аға сот приставы, сот отырысының бас маманы-хатшысы, Қарағанды облыстық соты кеңсесінің материалдық-техникалық қамтамасыз ету және мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы, Соттардың инфрақұрылымын қамтамасыз ету және дамыту бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген.
Осы уақытқа дейін Қарағанды облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының орынбасары болды.

Басқа материалдар

Back to top button