Жаңаарқа ауданының Бидайық ауылдық округінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағытының бірі «Туған жер» жобасы аясында жиынтық сомасы 600 мың теңгені құрайтын демеушілік қаражат есебінен «Кубок» атауын иеленген футбол добының мүсіні бой көтерді.
Жалпы ауыл тұрғындарының қатысуымен өткен ашылу салтанатында селолық округ әкімі Нұржан Жамауов пен еңбек ардагері Серік Құтжанов жаңа нысанның лентасын қиды. Жерлестеріне жүрекжарды лебіздерін арнап, ауылдың ажарын аша түскен мүсіннің жергілікті балғындарды салауатты өмір салтына үндеп, жеңісті қадамдарға жетелейтінін атап өтті.
– Ауыл спортшылары соңғы 12 жылдан бері аудандық спартакиадада І орын алып, спорттың қай түрінен болсын үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Қалың қауымның көңіліне ұнамды жаңа мүсін байрақты бәсекелерде туған жердің абыройын асқақтатуды дәстүрге айналдырған спортшылардың құрметіне орнатылды, – дейді селолық округ әкімдігінің жетекші маманы Жұлдыз Жақиянова.
Өз тілшімізден.
ЖАҢААРҚА ауданы.