Жаңалықтар

Адал бәсекелестік қайтсе дамиды?

Оpen space форматындағы Қарағанды облысы бойынша монополияға қарсы департаментінің кеңесінде көмірді бөлшек және көтерме саудалау мәселесі қозғалды. Онлайн жүздесуге кәсіпкерлер палатасы, бизнес қауымдастықтар, сарапшылар мен барлық мүдделі тұлғалар қатысты. Open Space кеңсесі аясында көмірді сатудың бастапқы нарығы, биржалық сауда, оның ішінде, ашықтықты шектеу мәселелері талқыланды. Маусымдық кезеңде көмір тасымалдау үшін вагондар жетіспеушілігі де назардан тыс қалған жоқ.

Департамент басшысы Руслан Кенжебеков кездесуде бизнес-қауымдастықты, сарапшылар мен қарапайым тұтынушыларды бәсекелестік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуге белсенді қатысуға және бәсекелестікті дамытуға үлес қосуға шақырды. Мұндай кездесулерді апта сайын өткізу жоспарлануда. Онда тауар нарығындағы проблемалар, шағымдар мен ұсыныстар қарастырылады.

«Бұл форматты біз Мемлекет басшысы жариялаған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыру және монополияға қарсы органның ақпараттық ашықтық деңгейінің сапалы өзгеруі шеңберінде коммуникацияның жаңа құралы ретінде жарияладық.

Бұл ретте біздің жұмысымыздың негізгі міндеті елдегі адал бәсекелестікті дамытуға белсенді жәрдемдесу.

Осыған байланысты бәсекелестікті дамытуға үлес қосуға шақырамын», – деді департамент басшысы Руслан Кенжебеков.

Жария етілген мәліметтерге сүйенсек, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі “Кедергілер картасын” проблемалық мәселелер тізілімін қалыптастырады. Сонымен қатар, агенттік жұртшылықпен және бизнес-ортамен жұмыс жүргізу үшін негізгі бағыттары жөнінде қоғамдық алаңдар құрады. Атап айтқанда, қоғамдық кеңес, биржалық комитет және кедергілер жөніндегі кеңес алаңдарында өзекті мәселелер талқыланбақ.

Қоғамдық кеңестің негізгі міндеті – бәсекелестік жөніндегі заңнаманы жетілдіру жөнінде шешімдер қабылдауға қатысу.

Биржалық комитет болса, тауар нарығында сауда-саттықты ұйымдастыру тетіктерін жетілдіру, ұйымдастырылған сауда-саттыққа жіберілген тауарларға баға индекстері мен индикаторларын қалыптастыру процестерін оңтайландыруда өзара іс-қимылды қамтамасыз етуді көздейді.

Кедергілер жөніндегі кеңес нарықтағы шектеулерді анықтап, осындай факторлардың әсерін бағалап, сараптайды. Сондай-ақ, кәсіпкерлер үшін жосықсыз бәсекелестік фактілері туралы заңдық, консультациялық онлайн-қолдау көрсетіледі.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button