КоронавирусРесми

Талқыда – тоқтық пен сақтық

Қарағанды аймағының халықты азық-түлікпен қамтамасыз етудегі қарекеті кеше облыс әкімінің кезекті аппарат отырысына өзек болды. Облыстағы өңдеуші, ұқсатушы кәсіпорындардың әлеуеті ашық айтылып, қай өнімге аузымыз жарып, нені көршіден сұраған жайымыз туралы ашық айтылған отырыста салалық құзырлы орындарға нақты тапсырмалар жүктелді. Олар ішкі нарықты отандық азық-түлікпен қамтамасыз етуі тиіс. Отырыста облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК қойған міндет – осы. Деректерге сүйенсек, аймақта ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру көлемі өскен. Бұған қоса, заманауи фермалар мен өңдеу зауыттарының құрылысы қатар жүргізілуде. Аймақтағы фармацевтика ахуалы да аталған отырыста кеңінен талқыланды.

АЙМАҚ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ҚАМТЫЛҒАН

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов азық-түлікпен қамтамасыз ету жөнінде мониторинг жүргізілетінін атады. Басқарма тарапынан қазіргі таңда негізгі азық-түліктің 27 түрімен қамту бойынша мониторинг ұдайы.

– Біз азық-түлік тауарларының 27 негізгі түріне мониторинг жүргіземіз. Облыс азық-түліктің 13 түрімен толық қамтамасыз етілген, оның 8-і әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер. Ауыл шаруашылық өнімдері өндірісінің көлемін арттыру есебінен ішкі нарықты азық-түлікпен қамту жалғасуда, – деді ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов. Сондай-ақ, аймақта өндірілмейтін бакалеялық өнімдер де бар. Алайда, ол өзге өңірлерден жеткізілу арқылы шешімін тапқан. Өсімдік өнімдеріне ұн, картоп, қызылша, сәбізге қажеттілікті облыстың өзі ішінара толық жауып отырған жайы бар. Биыл картоп салатын алқаптың да көлемі ұлғайған.

Облыста ет, картоп және сәбіз, жұмыртқа, шұжық өнімдері өндіріледі. Сүт өнімдеріне және бірқатар көкөністерге – қияр мен қызанақ, қырыққабатқа деген қажеттілік ішінара өтеледі. Алайда, көкөністерді сақтауға қатысты проблемалар бар. Қазіргі заманғы жаңғыртылған қоймалар салу жоспарлануда.

Алайда, қырыққабат пен пиязға сұранысты толықтай қамтымайды. Оның егістік алқабын ұлғайтқанымен, сақтау көтермейтіндігі – қолбайлау. Басқарма басшысы аймақтың климаттық жағдайының пиязтектес көкөністерді көптеп егуге мүмкіндік бермейтінін де жеткізді. Ал, қияр мен қызанаққа сұранысты өтеуге жылыжайлар септігін тигізуде. Бұл бағытта Осакаров ауданында жылыжай құрылысы қолға алынған. Сонымен қатар, алдағы уақытта «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған қаласында ірі жылыжай салуды жоспарлағанын да атады Сағынжан Апақашұлы. Мал шауашылығы өнімдерінің өсуін облыста мал басының өсуі қамтамасыз етіп отыр. Осы өткен 8 айда ет өнімі тірідей салмақта 46 мың тоннаны құрады.

Облыста ауыл шаруашылығына инвестициялар 22%-ға өсті. Ірі ауқымды жобалар жеке қаражат есебінен және мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асырылуда.

Бұқар жырау ауданында “Жәке” шаруа қожалығы салқындатылған сиыр етін дайындау кешенін пайдалануға береді. Жалпы алғанда, ет өңдеуде алты жоба жүзеге асырылуда. Осакаров ауданында өзіндік жарма өндірісі жоспарда. Құны 4,4 млрд. теңге болатын мультидәнді зауыты салынады.

Облыста 52 сүт-тауар фермасы жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы жетеуі ашылады. “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 50 мың бас асыл тұқымды мал сатып алу жоспарланған. Бұл – нарықты ет өнімдерімен одан әрі толтыруға ықпал етеді.

Облыс елорданы да азық-түлікпен қамтиды. Жыл басынан бері жергілікті ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу кәсіпорындары Нұр-Сұлтанға 81 тоннадан астам өнім жеткізді.

– Ішкі нарықты отандық өнімдермен толықтыру – бұл аса маңызды басымдық. Астанаға жақын орналасу біздің өңірге белгілі бір міндеттемелерді жүктейді. Әлеует зор. Кейбір тауарлар жөнінде өзімізді-өзіміз қамтамасыз ете алмаймыз. Өнімдерді сақтау және қабылдау пункттері туралы мәселелер бар. Бұл – мұқият назар аударуды қажет ететін үлкен жұмыс, деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Биыл облыста 4 сүтті-тауарлы ферма ашылған. Ет өңдеуші кәсіпорындар шұжық өнімдерімен облыстың сұранысына жауап бере алады. Ауыл шаруашылығында 31 жоба жүзеге асуда. Оның 23-і осы күні іске қосылған. Ауыл шаруашылығына құйылған қаржы көлемі де жыл сайын көбейіп келеді. Басқарма басшысының айтуынша, биылға 21 млрд.теңге көзделген.

ФАРМАЦЕВТИКА ӨНЕРКӘСІБІНІҢ КӨ­ЛЕМІ 4 ЕСЕГЕ ӨСТІ

Онлайн режиміндегі аппараттық кеңесте аталмыш саланы дамыту әлеуеті талқыланды. Коронавирустық инфекция пандемиясы жағдайында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің біріне айналды.

Облыстың өңдеу өнеркәсібіндегі фармацевтика саласының үлесі 1%ды құрайды. Бұл сала облыс үшін өте маңызды және әлеуетті. Бүгінде ол тұрақты дамуда. 8 ай ішінде өндіріс көлемі 12 млрд. теңгені құрады, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8 есе өсті, – деді өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмасұлтанов.

Қазіргі уақытта облыста 6 фармацевтикалық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың үшеуі өндірістің 90% құрайды. Бұл – Қарағанды фармацевтикалық кешені, «Фармация 2010» ЖШС, Қарағанды фармацевтикалық зауыты.

Саланы дамытуға құйылған инвестициялар көлемі де ұлғайған. Қарағанды облысында онкологиялық науқастарды, қант диабетімен ауыратын науқастарды, эндокриндік жүйе ауруларын және тағы басқа дерттерді емдеуге арналған дәрілер шығарылады.

Карантин кезеңінде өңірде медициналық бетперделер мен антисептиктер өндірісі жолға қойылды. «Мерей» компаниясы тәулігіне 20 мыңға дейін бетперде шығарды.

Фармацевтика саласының болашағы зор. Біз өндірістің даму қарқыны тұрақты екенін көріп отырмыз. Ал, биыл айтарлықтай өскен. Фармацевтикалық бизнес белсенді айналысуды қажет етеді. Бұл біздің тұрғындарымызға көмек болмақ, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек эпидемиологиялық жағдайды қатаң бақылауды еске салды. Ол әуе рейстерімен шетелден келетін азаматтардың жағдайын бақылауды тапсырды.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button