Тұңғыш Президент – Елбасы Н.НАЗАРБАЕВ «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруды тапсырған болатын. Бұл жобада да ауыл мектептері назардан тыс қалған жоқ. Нұра ауданындағы Қарой жалпы орта білім беретін мектебінің 1930 жылдары бастауыш мектеп болып тағаны тартылған. Білім ошағы бүгінде алып кемеге айналған жайы бар.
Бүгінде мектебіміздің бастауыш сынып болып орнауына 90 жыл, негізгі мектеп болғанына 30 жыл, орта мектеп болғанына 25 жыл толып отыр. Аудандық білім бөлімінің басшысы С.Мұқанова мен Қарой жалпы орта білім беретін мектеп директорының міндетін атқарушы Н.Тұяқованың бірлесе отырып, қоян-қолтық жұмыс жасауының нәтижесінде мектебімізге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, есіктен бастап, еден, терезе сияқты жерлері жаңартылып, ішке дәретханалар орнатылып, мектептің іші-сыртына жаңадан бейнекамералар қойылды. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерге қашан да нәтижелі істер үйір болатынын біздің мектеп тағы бір дәлелдеді.
Манарбек ХАЛИОЛДА,
Қарой жалпы білім беретін орта мектебінің мұғалімі.
НҰРА ауданы.