Жаңалықтар

Сөздің емес, істің маманы

Өндіріс кадрларының негізгі провайдерлері – кәсіптік білімі бар мамандар нарық заманында үлкен сұранысқа ие. Одан бөлек, мамандар кәсіптік білім – іскерлікті, дағдыны қалыптастыру ғана емес, жеке тұлғаны қалыптастыру жолы екенін де айтады. Елімізде бұл сала жолға қойылған. Жастарды тегін кәсіптік біліммен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жасайтын колледждер білім берумен ғана шектеліп қалмайды. Осы жерде өндірістік тәжірибеден өтіп, диплом қолына тигенде дайын маман болып шыға келеді.

Әлбетте, жақсы маман болып шығу, таңдаған саласының майталман шебері атану үшін алдымен ынта мен жігерден бөлек, мұғалімнің алатын орны үлкен. Әр студентке өзі білетін ісінің қыр-сырын ыждағаттылықпен үйретіп, мамандыққа деген құрметті тәрбиелейтін, кәсіби маман ғана емес, өмірден өз орнын ойып тұрып алатын адамды да тәрбиелеу олардың тікелей міндеті. Осындай маманның бірі – Қарағанды теміржол колледжінде бірнеше жыл қатарынан еңбек етіп келе жатқан Бақтыбай Шалғынбаев.

Одан бөлек, колледждің ғана емес, облыстың да абыройын асқақтатқан осы ұстаздың шәкірттері. Ресейдің Нижний Тагил қаласында машинистер арасында өткен халықаралық байқауда бағын сынаған шәкірттері бір емес, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болып жүр. Дайындаған балалары 2018 жылы – І орын, ал 2019 жылы жүлделі – ІІІ орынды иеленді.

Өндірістік оқыту шебері ретінде талай жасты еңбекке баулып, қолын іске үйреткен маманның студенттер алдында ғана емес, колледж ұжымы алдындағы да беделі зор. Электр монтаждау ісі мамандығының қыр-сырын меңгертіп, шәкірттерін жалықтырмайтын қызықты дәрістер ұйымдастыратын Бақтыбай Қатжанұлының әр сабағы өмірлік азық.

«Әркім өз ісінің шебері болуы керек» деген қағиданы ұстанатын Бақтыбай Шалғынбаев сөздің емес, істің маманы.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button