АймақПрезидент тапсырмасын орындай отырып...

Апатты үйлер әлі де бар

Былтыр Қарағанды облысы құрылыс саласында соңғы отыз жылдағы рекордтық межені бағындырды. 662 мың шаршы метр баспана халық игілігіне тапсырылды. Бұл, әрине, жергілікті атқарушы билік тарапынан қолға алынған тыңғылықты жоспардың жемісі. Президент пәрменінің айқын көрінісі.
Жаңа үй тұрғызуда ілгері басқан облыста ескі үйлерді жаңғырту ісі де ескерусіз қалды деуге келмейді. Мәселен, жыл басынан бері оннан астам көппәтерлі үй қайта жөндеуден өткен. Әйтсе де, аймақта апатты үйлер әлі де бар…

Апатты үйлер әлі де бар
Photo: Ruslan Kali

Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы ұсынған мәліметті сөйлетсек, 51,7 млн. теңгеге Балқаш қаласындағы 2 үй жөнделді. Абай, Саран, Шахтинск, Қарқаралы қалаларындағы 4 үйге республикалық бюджеттен жұмсалған қаржы – 190,2 млн. теңге. Тұрғындар есебінен қайтарылуы тиіс 134,7 млн. теңгеге Қарағанды, Шахтинск, Абай қалаларындағы 4 үйді жөндеу жұмыстары тәмамдалды. Сондай-ақ, Абай және Саран шаһарларындағы тағы 2 үйде жұмыстар аяқталуға жақын. Мұндағы қаражат көлемі – 133,8 млн. теңге.

Келер жылы Абай, Саран, Шахтинск және Балқаштағы 7 үйді ретке келтіру жоспарда тұр. Қазіргі уақытта шамамен 400 млн. теңгеге жобалық-сметалық құжаттама түзілуде. Жалпы, облыс көлемінде жыл сайын 10 көппәтерлі үйді жөндеу көзделіп отыр.

Ал, аймақтағы апатты үй саны – 21. Облыс әкімі баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бұл ғимараттар Қарағанды, Приозерск, Саран, Теміртау қалаларында және Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарында орналасқан.
Ақтоғай ауданындағы 1 үйде адам тұрады. Үйді қалпына келтіруге болады. Бүгінде күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қажет қаражат бөлінді. Мердігерді анықтау шаруасы ғана қалды.

Өзге 20-сы – бос тұрған үйлер. Қазіргі шақта Приозерск, Саран, Теміртау қалаларындағы үйлер заңды тұрғыда тазартылып, бұзу жұмыстары қолға алынуда. Бұқар жырау ауданындағы екі үй сүрілген соң орнына инвестор есебінен жаңа үйлер тұрғызылмақ.

Апатты үйлердің дені – Қарқаралы ауданының еншісінде. Нақты айтқанда, Қарағайлы кентінде. Аудан әкімдігі кенттегі 21 көпқабатты үйді бұзуға құжат әзірледі. Мәселе облыстық мәслихат сессиясында қаралып, қорытындысында 9 үйді сүруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.

Облыс орталығында да апатты үйлер бар. Биыл мамыр айында біреуі бұзылды. Аталған үй Күзембаев көшесі, №74 мекенжайында орналасқан еді.

Қалған бір үйді жою бойынша іс-шаралар атқарылуда.

Әділ Әубәкіров, Қарағанды қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Апатты нысан Ленинград көшесі, №31 үй мекенжайында тұр. Қазір ешкім тұрмайды. Заңды тұрғыда таза, бұрынғы қожайындарымен дау жоқ. Тұрғындардың басым бөлігі меншік құқынан өз еріктерімен бас тартты. Ал, кейбір тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында пәтер кезегіне қойдық. Үйді бұзу бойынша былтыр да, биыл да өтінім бердік. Құны 15 млн. теңгеге бағаланды. Алайда, қалалық мәслихат «жоба құны қымбат» деген уәжбен қолдамады. Енді үйді бұзуға қажет қаржы көзі іздестірілуде.

Ленинград көшесіндегі әлгі үй 1938 жылы тұрғызылған. Қос қабатты, 16 пәтерлі ғимарат. «Караганда Энергия Экспертиза» ЖШС тұжырымымен апатты деп танылған.
Бұдан бөлек, Қазыбек би ауданы көлемінде мамандарды алаңдатқан тағы 7 үй бар. 1948-1958 жылдары салынған. Түгелі – екі қабатты. Бұл ғимараттардың іргетасы жарылып, қабырғалары шытынап тұр. Шатырларының да сау-тамтығы қалмаған.

Әлихан Бөкейхан ауданындағы жағдай көш ілгері екен. «Іргетасы сөгіліп, қабырғасы қақыраған баспанада отырған жан жоқ» дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова. Дегенмен, бұл ауданда да 70 жыл бұрын тұрғызылған үйлер жеткілікті.

Бүгінде аудандар әкімдіктері, қалалық тұрғын үй инспекциясы ескірген үйлер тұрғындарымен жиі-жиі кездесіп тұрады. Бұл кездесулерде мемлекеттік қызметшілер тұрғындарға кеңес беріп, үйді апатты ғимарат ретінде тану тәртібімен таныстырады. Сондай-ақ, уақыт өткізбей мемлекет көмегімен жөндеу қажеттігін де түсіндіреді.

Қазір мемлекет ескі үйлерді күтіп ұстауға да көңіл бөліп отыр. Үкімет қолдауымен басыңыздағы баспананың іргетасын нығайтып, шатырын бүтіндеуге болады. Бұл ретте басқа да жобалармен қатар «Өңірлерді дамыту» бағдарламасын атап өте аламыз.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ

Суретті түсірген Руслан ҚАЛИ

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button