Министр Саясат Нұрбек жұмыс сапарымен Қарағанды университетіне келді
Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек жұмыс сапарымен Қарағандыға ат басын бұрды. Сапар барысында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне келіп, оқытушылар мен студенттермен кездесті.

Университетте 7 жатақхана бар. Оның 4-еуіне кейінгі жылдары жөндеу жұмыстары жасалған. Министр студенттерге қолайлы әрі заманауи талаптарға сай жатақханамен танысты.
Сонымен қатар, жаңадан ашылған «Аюлы» спорт кешені, «Студенттер емханасы» мен «Жастар орталығы» ғимараттарын аралады.
— Министрлік қоғамдық лекцияларды бастады. Президенттің тапсырмаларына сәйкес басымдық университеттерге беріледі. Осы жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасынан тыс жыл сайын 500 ғылыми-зерттеуші қызметкерлерге арнайы тағылымдамалық грант беріледі. Қарағанды университеті өңірдегі университеттердің ішіндегі орны бөлек қарашаңырақ. Кейбір өңірлерде жатақхана, ондағы орын жеткіліксіз болады. Ал, Қарағанды университетінде ондай жетіспеушіліктер жоқ, — деді министр.
Ербол ЕРБОЛАТ.