Қарағанды

Buketov university – үздік ондықта

Қарағанды университетінің абыройы қандай қиын-қыстау кезде де бір мысқал төменшіктеп көрген жоқ. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті жоғары оқу орындар арасында ойып орын алатын дәстүрін үзбеді. Оқу орны қазіргідей білімнің қатаң бәсекесінде талаптың үдесінен шығып келеді. Мысалы, биыл университет ұлттық рейтингтегі жетекші позициясын тағы да растады. Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының ұлттық рейтингісінің 2022 жылдың қорытындысы бойынша университет Қазақстанның жетекші көпбейінді жоғары оқу орындарының арасында III орынды және еліміздің көпбейінді өңірлік жоғары оқу орындарының арасында II орынды иеленді. Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігінің нұсқасында Қазақстанның көпбейінді өңірлік жоғары оқу орындары арасында I орынды және жалпы рейтингте ұлттық университеттерге жол бере отырып, IVорынды иеленді. «Атамекен» палатасы рейтингінде университет – еліміздің үздік университеттерінің ондығында. Бұл туралы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков ғылыми кеңесте есеп беру кезінде мәлімдеді. Студенттер де қатысқан кеңес отырысында университетте атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар да айтылды.

Buketov university – үздік ондықта
Сурет ұйымдастырушылардан

«Білім беру қызметтері сапасының халықаралық стандарттарына сәйкестігін ресми растау аккредиттеу болып табылады. 2021-2022 оқу жылында 12 білім беру бағдарламасы аккредиттеу рәсімінен сәтті өтіп, 5 жыл мерзімге аккредиттелді», – деді Нұрлан Дулатбеков.

Биыл университетке 4108 студент оқуға түскен. Оның 3750-і – бакалавриат. Бұл 2022 жылғы шығарылған түлектердің санынан артық. Яғни, 2022 жылы 3640 түлек университет қабырғасынан түлесе, оның орнына 4108 студент қабылданыпты. Деректер жылдан-жылға университетке келуші студенттердің қатары көбейіп келе жатқанын көрсетеді.

«Өткен жылы университетке 4594 білім алушы қабылданды. Оның ішінде, бакалавриатқа 4128 адам, магистратураға – 418 адам, докторантураға – 48 адам. Атқарылған кешенді жұмыс аясында, соңғы жылдары университетте білім алушылар контингентінің өсуі байқалады. Мәселен, 2017 жылы университетте білім алушылар контингенті 10688 адамды құраса, 2022 жылы 13672 адамға көбейді. Соңғы жылы білім алушылар контингенті 21,8 пайызға өсті», – дейді ректор.

Ректордың айтуынша, 2021 жылмен салыстырғанда жалпы конкурс аясында грантқа түскен студенттер саны артып отыр. Конкурспен грантты 816 студент иеленсе, «Серпін» квотасымен 748 студент қабылданған. Ал 2022 жылы жалпы конкурс бойынша 1115 адам оқуға түскен. «Серпін» Атырау, Маңғыстау квоталарымен 324 студент оқуға келді. Сонымен, конкурспен түскен студенттер саны 26 пайызға көбейді.

Бұдан бөлек, басым құқықты иеленуші студенттер қатары да жылдан-жылға ұлғайып келеді. Мәлім етілген деректер университетке өткен жылы 103 «Алтын белгі» иегері оқуға келгенін айтада. Биыл ол көрсеткіш 118-ге жеткен. Республикалық пән олимпиадасының 1 жүлдегері болса былтырғы жылы, биыл олардың саны 13-ті құрап отыр. Халықаралық олимпиада және ғылыми жоба жеңімпаздары да Қарағанды университетін таңдағанын атап өткен жөн. Осы жылы ондай жеңімпаздың 9-ы Қарағанды университетіне келген. Былтыр мұндай көрсеткіш болған жоқ.

Университеттің алға қойған тағы бір мақсаты – жекелеген бағдарламаларды ағылшын тілінде оқытуға көшу. Осы орайда, биылдан үш білім беру бағдарламасы толығымен ағылшын тілінде жүргізілуде. Олар – «Химия» докторантурасы және «Шет тілі: екі шет тілі», «Шетел филологиясы»магистратура бағдарламалары.

– Сонымен қатар, шетелдік білім алушылар үшін білім беру бағдарламаларын тартымды ету мақсатында білім берудің барлық деңгейлерінде ағылшын тіліндегі білім беру бағдарламаларының тізбесін кеңейтіп, шет тілдерін тиісті деңгейде меңгерген сертификатталған оқытушыларды даярлауды жалғастыру қажет, – деді ректор.

Университет 150 шетелдік жоғары оқу орнымен және ұйымдармен серіктестік қарым-қатынас орнатқан. 2021 жылғы қыркүйек пен 2022 жылғы тамыз аралығында университет АҚШ, Италия, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Венгрия, Словакия және өзге де елдердің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы 24 келісімге отырған.

«2021-2022 оқу жылының күзгі семестрінде 7 студент республикалық бюджет қаражаты есебінен Еуропаның жоғары оқу орындарында білім алды. Қазіргі таңда Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан университетімізге осы оқу жылына бөлген қаражаты есебінен 18 студенттің шетелге баруы жоспарлануда.

Сыртқы шығыс академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университеттің 185 студенті Еуропа және басқа шет елдердің жоғары оқу орындарында білім алды.

Біздің университеттің 5 студенті Ұлы Витаутас университетінде (Литва) ұтқырлық бағдарламасы аясында оқу үшін ай сайын 460 еуро мөлшерінде төленіп тұратын Литва мемлекеттік стипендиясын жеңіп алды. Жалпы, әртүрлі елдерден келген студенттерге небәрі 20 грант бөлінгенін айта кеткен жөн», – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Кеңес отырысында университеттің барлық бағыттағы қызметі толық жария етілді. Білім берудегі аса қажетті мәселелердің барлығы кеңінен сөз болды.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button