Жаңалықтар

Қарағанды қаласының №2 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы футзалдан «Seni Cup» халықаралық лигасында Қазақстанның намысын қорғайды. Чемпионат 2023 жылы Польшада өтеді. Бұл туралы облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәлімдеді.

Қарағандылық «Арлан» командасы осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің әр өңірінен келген қарсыластарын ұтып, халықаралық аренада өнер көрсету құқығына ие болған. Бірақ пандемияға байланысты футзал турнирі кейінге шегерілді.

Биыл дарынды футболшылар бас жүлдені сарапқа салу үшін тағы да алаңда кездесті. Алматы қаласында 18–20 қыркүйек аралығында мүмкіндігі шектеулі жандар арасында шағын футболдан республикалық турнир өтті.

Қарағандылықтар финалға өтті. Шешуші матчта бапкер Нұрлыбек Рахымовтың шәкірттері алматылық қарсыластарымен кездесті. Өкінішке орай, мәртебелерін растау үшін жерлестерімізге бір ұпай жетпей қалды. Бірақ олардың бұрынғы сіңірген еңбегі мен чемпион атағын жеңіп алғаны ескеріліп, футзалдан халықаралық Seni Cup лигасының өкілдері Польшаға шақыру сертификатын жіберді.

Енді «Арлан» командасы әр елдің мықты қарсыластары қатысатын негізгі турнирге дайындалуда.

Басқа материалдар

Back to top button