Жаңалықтар

70-тен аса компания түлектерге жұмыс ұсынды

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде дәстүрлі «Мансап START» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға бакалавриат, магистратура және докторантура түлектері, сондай-ақ өңірлік және республикалық кәсіпорындардың өкілдері қатысты. Биыл жәрмеңкеге 70-ке жуық жұмыс беруші қатысып, студенттерге өздерінің ашық вакансияларын ұсынды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Ресми ашылу барысында университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Абай Қалықов, Қарағанды облысының еңбек мобильдігі орталығы басшысының орынбасары Дәурен Қошкаралиев және бірқатар серіктес кәсіпорын өкілдері құттықтау сөз сөйледі.

– ҚарТУ – Орталық Қазақстандағы техникалық білім берудің көшбасшысы болып қала береді. Оқу орны еңбек нарығындағы сұраныстарды ескере отырып, мамандарды мақсатты түрде даярлайды. «Мансап Start» жәрмеңкесі жоғары курс студенттері мен түлектер үшін жұмыс табудың тамаша мүмкіндігі. Жұмыс берушілерге белсенділік танытқандары үшін алғыс білдіріп, студенттерге сәттілік тілейміз, – деді Абай Қалықов.


Жәрмеңкеге Тау-кен, сәулет-құрылыс, металлургия және машина жасау, инновациялық технологиялар, энергетика, автоматика және телекоммуникациялар, транспорт, логистика және инженерлік экономика факультеттерінен 1500-ге жуық студент келді.

Шара студенттер мен жұмыс берушілер арасындағы тікелей байланысты нығайтып, университеттің өндіріс орындарымен серіктестік байланысын арттыра түсті. Сонымен қатар, жас мамандарға кәсіби жолын сенімді бастауға мүмкіндік берді.

Жамал АКПАРОВА

Басқа материалдар

Back to top button