«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасына қалай қатысуға болады?
ҚР Парламенті Сенатында өткен дөңгелек үстел барысында қазақстандықтар көптен күткен “7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру” бағдарламасы талқыланды. Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков бұл бағдарламаға кімдердің қатыса алатындығын және оның нарықтағы үй бағасына қалай әсер ететіндігін айтты, – деп хабарлайды Ortalyq.kz
kaz.tengrinews.kz порталының дерегінше, Олег Смоляков “7-20-25” бағдарламасына пәтері бар азаматтар қатыса алмайды. Әуелгі кезде баспанасы жоқ азаматтар қамтылмақ әрі алыпсатарлыққа жол берілмейтіндігін айтқан.
“Әр адамда кредитке қиындықсыз қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін кірісінің болуы тағы да бір маңызды талап болып табылады. Бүкіл бағдарламаның орнықтылығы азаматтардың келешекте өз қарыздарына қызмет көрсету мүмкіндігіне толық байланысты болады. Алғашқы кезеңде біз “7-20-25″ бағдарламасына тек бастапқы тұрғын үйді ғана тартуды жоспарлап отырмыз. Кейіннен, даму шамасына қарай бағдарламаны кеңейту мүмкіндіктерін зерделеуге дайынбыз”, – деді Олег Смоляков.
Нарықтағы алыпсатарлыққа тосқауыл қою мақсатында бағдарламада баспананың шекті бағасы көрсетілген. Атап айтқанда, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау қалаларында бұл көрсеткіш – 25 млн теңгеден, ал өңірлерде – 15 млн теңгеден аспауы тиіс,- деп хабарлады inform.kz
«Бұл сомаларды анықтау үшін жергілікті атқару органдарымен белсенді жұмыс істедік. Біздің ойымызша, бұл бағалар қазіргі нарықтық жағдайлар мен баспана нарығына сәйкес келеді», – деп атап өтті О. Смоляков.