«7-20-25»: ай сайынғы төлемді қалай азайтуға болады?
Жыл басында Қазақстанда «7-20-25» бағдарламасы бойынша 60 мыңнан аса өтелмеген несие болған. Мұндай мәліметті Қазақстанның тұрақтылық қоры келтірді, деп хабарлайды Ortalyq.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазір 9 мыңға жуық қарыз алушы ипотекасын өтеп үлгерген. Бұл ретте «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілген несиелер бойынша орташа айлық төлем шамамен 112 мың теңге болады.
Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауапта ай сайынғы төлем мөлшері «7-20-25» бағдарламасы бойынша алынған несиенің мөлшері мен мерзіміне байланысты екені айтылған.
– Бастапқы жарна неғұрлым көп болса, несие сомасы соғұрлым аз болады. Сонымен қатар, несие мерзімі неғұрлым ұзақ болса, ай сайынғы төлем соғұрлым аз болады (бірақ артық төлем көбірек – еск.). Айта кету керек, несие беру мерзіміне қарыз алушының жасы әсер етеді. Қарыз алушы неғұрлым жас болса, несие мерзімі соғұрлым ұзағырақ болады, – деп хабарлады Қор.
Сонымен қатар, несие мерзімін өзгертпей, ішінара мерзімінен бұрын өтеу арқылы ай сайынғы несие төлемін азайтуға болады.
– Ереже бойынша, несиені мерзімінен бұрын өтеудің ең төменгі сомасын банк белгілейді және оны банктік қарыз шартында көрсетеді. “7-20-25” бағдарламасының шарттарына сәйкес, несиені мерзімінен бұрын немесе ішінара мерзімінен бұрын өтеу үшін айыппұлдар мен комиссиялар алынбайды, – деп түсіндірді қордағылар.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.