РесмиСұхбат

Бауыржан ШЫҢҒЫСОВ: «Міндет пен мақсат сайлаушы мүддесінен туындайды»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойғанына бір аптаға жуықтап қалды. Сонымен, бір мезгілде Орталық сайлау комиссиясының қаулысына орай барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Ел іші қазір гу-гу! Әсіресе, әлеужелінің екпіні қатты. Бәлкім, бұл да дұрыс шығар! Қоғамдағы пікірталас қайшыласқан қазіргі кезеңде Nur Otan партиясы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Бауыржан ШЫҢҒЫСОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Бауыржан Қабденұлы, әңгімені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үндеуінен бастасақ…

– Мемлекет басшысы өзінің Үндеуінде жаңа сайлау науқанына дейін саяси жаңғыру, көппартиялықты дамыту және елдің қоғамдық-саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейтуге қатысты нақты шаралар қабылданғанын қадап айтып, «жіліктеп» жіктеп берді. Мәселен, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға және «Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы» заңға түзету енгізу арқылы парламенттік оппозиция институтын құру мәселесін қарастыратын және оның қызметін регламенттейтін өзгеріс пен толықтыру жасалғанын айтты.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелерге сәйкес парламенттік тәжірибеде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізілді. Сосын, алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізім бойынша өтеді. Мұндай нұсқа әлемдік демократиялық тәжірибеге толық сай келеді, саяси жүйені нығайтуға, демократияны дамытуға ықпал етеді, саяси партиялардың жұмысын жандандырады. Бұл жаңа бастамалар партияларға еліміздің саяси жүйесіндегі ұстанымын нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер береді.

– Биыл алғаш рет партияішілік сайлау, яғни, праймериз өтті. Осы шараға көзқарасыңыз қалай?

– Шынында мұндай партияішілік таңдау, біріншіден, партияластар арасынан саясатта жаңа тұлғаның танылуына үлкен мүмкіндік береді. Жастар мен әйелдерге арналған квота тағы бар. Бұл дегеніміз, елдегі гендерлік саясаттың жүйелі жүргізілуінің бірден-бір нышаны болса, жастарға арналған квота олардың өзін-өзі көрсетуіне жасалған тамаша әлеуметтік саты болып отыр. Праймериздің ерекшелігі барлық қатысушылар мен сайлаушыларға берілген мол мүмкіндік: онлайн жүйесінде өткен дауыс беруде кез келген сайлаушы өзі таңдаған бірнеше адамға өз таңдауын жасады. Бұл жерде атап айтатын нәрсе, сайлаушы өз телефоны арқылы дауыс берді, яғни, тікелей қарым-қатынас болған жоқ, сондықтан әр сайлаушы өз таңдауын жасады. Сайлаудың әділ өткенінің кепілі осы деп ойлаймын.

– Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде өңірдің қандай өзекті мәселесін көтеріп жүрсіз?

– Бірінші кезекте қалаға бөлінетін қаржы мәселесінің орайлы шешілуіне ықпал тигізуге тырысамын. Сонымен қатар, күрмеуі көп, шешімін ұзақ уақыттан бері таппай келе жатқан ауызсу мәселесі бірыңғайланып қалған сияқты. Автокөлік жолын жөндеу және жаяу жүргіншіге арналған жолжиегінің сапалы болуы да назарымнан тыс қалған емес.

Облыстық денгейде қаладағы әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына жанды көмек көрсетілуде. Апатты жағдайдағы тұрғын үйлерден қоныс аудару мәселесі біртебірте жүйелі шешіліп келеді. Мемлекеттік деңгейде өткізіліп жатқан барлық акциядан қалыс қалған кезіміз жоқ. Депутаттық қабылдауға келген әр азаматты мазалаған мәселенің оң шешім табуына заң аясында септігімді тигізудемін.

– Алдағы сайлауға қандай жаңашылдық жоспармен бармақшысыз?

– Мен туған қаламның тағдыры мен оның проблемасына бейжай қарай алмаймын. Қызметімнің сипатына сәйкес, қала тұрғындары және «Қазақмыс» корпорациясы жұмысшыларымен жиі кездесемін. Сондықтан, олардың өндірістік және тұрмыстық мәселесін жақсы білемін. Депутаттыққа үміткер ретінде басты міндет Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын, сондай-ақ ұзақ мерзімді «Қазақстан-2050» стратегиясын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру деп санаймын.

Мен үшін басты басымдық – туған қаланың тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасай отырып, оны дамыту мен өркендету бағдарламасын жүзеге асыру. Өзімнің өмірлік және кәсіби тәжірибеме негізделген, сондай-ақ Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Nur Otan партиясы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жанындағы Қарағанды филиалы төрағасының орынбасары болып жұмыс жасаған кездегі мысты қаланың тұрғындары айтқан проблемалар мен ұсыныстарға негізделген сайлауалды бағдарламамды жасадым. Депутаттың міндеті мен мақсаты сайлаушының мүддесінен туындайды. Қаланың өзекті мәселесін атқарушы билік пен монополиялық компаниялар алдына шешу үшін қою қажет деп санаймын.

– Ашық әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button