Майқұдықта жаңа мектеп-гимназия ашылды
Бір кездері Қарағандыда жалғыз қазақ тілді мектеп болыпты. Ол қазіргі Әлихан Бөкейхан ауданындағы Жамбыл атындағы қазақ мектеп-гимназиясы. Тәуелсіздік алғалы қазақ мектептерінің саны артып, мерейіміз өсіп келеді. 1 қыркүйек Білім күнінде Майқұдықтан тағы бір қазақ тілінде білім беретін мектеп-гимназияның ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Ербол ӘЛІҚҰЛОВ, AMANAT партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бекзат АЛТЫНБЕКОВ, облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім ҚОЖАХМЕТОВА және басқа да саланың жауапты мамандары һәм мектеп ұжымы, оқушылар, ата-аналар қатысты.
Облыста жаңа оқу жылы дәстүрлі салтанатты жиындармен және сынып сағаттарымен басталды. Атап айтсақ, аймақтағы 405 мектептің 173 мыңнан астам оқушысы үшін мереке ұйымдастырылған.
Мектеп табалдырығын алғаш рет 18 мыңнан астам 1 сынып оқушысы аттапты. Биыл 11 сыныпты 7 мыңға жуық оқушы аяқтап, түлек атанбақ.
Жиынға қатысқан қонақтар мен мектеп оқушыларын Білім күнімен облыс әкімінің орынбасары Ербол Әліқұлов құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Осы ықшам аудан балалары үшін арнайы ашылған қазақ тілінде білім беретін жаңа мектеп-гимназияға жиналып отырмыз. Жыл сайын мектеп табалдырығын аттаған балапандар саны өсіп келеді. Мемлекет басшысының қолдауы һәм жергілікті биліктің тиянақты ісінің арқасында 3 жыл ішінде облыста 8 жаңа мектеп есігін айқара ашты. Алдағы 3 жылда тағы 15 мектеп салу жоспарда бар. Бұлардың бәрі заманауи оқу орындары қатарында болады. Балаларымызға сапалы білім алуға және жаңа нәрселерді үйренуге мүмкіндік беретін мектеп абыройлы болсын. 1 сыныпқа қабылданған балалар осы білім ошағының тарихын бастап жатыр.
Оқушылардың қанаттары талмай, ұстаздар мен ата-аналарының үмітін ақтап, биік самғайтын ел азаматы болуына тілектеспін, – деді Ербол Шымкентбайұлы.
Мемлекеттік тілде оқытатын №14 мектеп-гимназиясы бір ауысымда 600 орынға есептелген. Оның ашылуы жақын маңдағы бірнеше мектептің жүктемесін азайтуға және №95 мектепті 3 ауысымдық оқудан арылтуға мүмкіндік берді.
Ашылу салтанатында әуелете ән шырқалды, сызылта би биленді. Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндер тақпақ айтып, білімге құштарлығын танытты. Алғашқы қоңырау сыңғырлап, жүрегімізді селт еткізді. Оқушылар жаңа оқу ордасына қуана қадам басты.
– Бұл білім ошағы өте қажеттіліктен салынғанын осы маңның тұрғындары біледі. Осыған дейін көрші ықшам аудандарға қатынап оқыған олар енді өздерінің жаңа мектептерінде білім алады. Қазір бізде 723 оқушы бар. Негізі одан да көп бала жинай аламыз. Төрт бірінші сынып құрылды, онда 107 бала оқиды. Екі оныншы сыныптың бірі гуманитарлық бағытпен, екіншісі – жаратылыстану-математикалық бағытын тереңдете оқиды. Ал, жалпы, мектеп-гимназия гуманитарлық пәндерді тереңдете оқытуға арналған. Педагогтар №95 білім ұясынан ауыстырылды. Сондай-ақ, қат мамандарды конкурс бойынша жинадық, – дейді №14 мектеп-гимназиясының директоры Өрікбай Аринов.
Өрікбай Серікұлы сынды білікті маманның осы білім ошағына басшылық ететінін естіп, қатты қуандық. Өйткені, ол өзі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Гуманитарлық пәндердің білгірі. Мұны осы саланың мамандары жақсы біледі. Талай озат шәкірт тәрбиелеп, өз ісінің шебері екендігін дәлелдеген. Жас та болса, басшылық қызметте де тәжірибесі мол ұлағатты ұстаз.
Мектеп ең заманауи, интерактивті жабдықтармен жабдықталған. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де қолайлы жағдайлар жасалған. Лифт және арнайы санитарлық бөлмелер бар. Алдағы уақытта инклюзивті кабинеттер ашылады.
Үлкен спорт залы және мектеп ауласында жасыл төсем төселген спорт алаңдары бар. Мектеп ауласы кең. Түрлі ағаштар отырғызылған. Енді, балалар мен ұстаздар сол ағаштарды баптап, күтеді. Осындай заманауи мектепте білім көкжиегіне самғайды. ART-студия мен IT-кабинет, сондай-ақ, ұлдар мен қыздарға арналған шеберханалар жұмыс істейтін болады. Оқушылар өздерінің шығармашылық қабілеттерін телестудияда, медиаорталықта, жасыл зертханада жүзеге асыра алады.
Бұдан бөлек, оқушылардың қауіпсіздігі де ойластырылған. Кіреберісте турникеттер орнатылыпты. Болашақта әр оқушы кіру үшін рұқсат картасын алады. Бұл оларға асханада тамақ ақысын төлеуге мүмкіндік береді.
– Біздің шағын ауданда осындай жаңа, әдемі, кең мектептің ашылғаны өте жақсы. Өте ыңғайлы. Біз жақын жерде тұрамыз. Немерем 1 сыныпқа барды, болашақта екінші немеремді де осында ауыстырсам деймін. Балалар қатты қуанып жүр. Біз де ризамыз, – дейді 1 сынып оқушысының әжесі Дина Дакаримова.
Осылайша, жаңа қазақ мектеп-гимназиясының тарихы басталды.
Жәлел ШАЛҚАР.