Жаңалықтар

Фазыл КОПОБАЕВ: «Біз, барлығымыз – әлеуетті тұтынушылармыз»

Денсаулық сақтау адам баласының барлығына – жасы мен кәрісіне, байы мен кедейіне қатысты мәселе. Себебі, дәрігер алдына бармайтын адам жоқ шығар. Жүгіне қалсаң, жылы қабақ, сауатты кеңес, нақты медициналық көмек күтесің. Ал, күткеніңдей болмай қалса ше? Егер пациентке сапасыз медициналық қызмет көрсетілсе немесе медициналық көмек үшін қосымша ақы төлеуге мәжбүр болса, не істеу керек? Жеке клиникада қалай тегін емделуге болады? Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі осы және басқа да сұрақтарға әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облысы бойынша филиалы директоры Фазыл КОПОБАЕВ жауап берді.

МӘМС МИССИЯСЫ

– Фазыл Кауанұлы, халықты МӘМС жүйесімен қамту туралы айтып беріңізші. Ай сайын аударған ақшамыз қайда кетеді?

– МӘМС жүйесі 2020 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Сол жылдың бірінші тоқсанын қорытындылаған кезде біз МӘМС пакетінен қаржыландыру арқылы көрсетілген консультация­лық­-диагностикалық қызметтер санының өскенін көрдік. КТ, МРТ, аспаптық және зертханалық зерттеулер сияқты қымбат зерттеу түрлерін қолданғандар көбейді. Сонымен қатар, кардиохирургиялық, нейрохирургиялық, травматологиялық күрделі операциялардан кейін оңалтудан өткен науқастардың саны артты. Алайда, әлемде коронавирус пандемиясы басталған кезде сақтандыру жүйесі қаражаты індеттің таралуына қарсы шаралар қабылдауға кетті. Бұл ретте Қор қаражаты тікелей мақсаты бойынша да, жанама да қаржыландыруға жұмсалды. Өйткені, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) пакетіндегі қызметтердің бір бөлігін медициналық сақтандыру пакетінен қаржыландыруға ауыстырды.

– Біздің өңір медициналық сақтандыру жүйесінде қаншалықты белсенді?

– Қорға аударылатын түсімдер жағы­нан өңір ел бойынша Алматы мен Нұр­ Сұлтаннан кейін 3 орында тұр. Бұл облыс тұрғындарының белсенділігін ғана емес, сенімін де білдірсе керек. Өздеріңіз білетіндей, Қорға алғашқы төлемдер 2017 жылдың шілдесінен бастап түсе бастады. Осы уақыт ішінде медициналық сақтандыру қорына ел көлемінде 1 трлн. теңгеден астам қаржы түсті. Мұндағы облыстың үлесі 90 млрд. теңгеден асады.

Осы жылдың 6 айында Қорға Қарағанды облысының төлеушілерінен 23,9 млрд. теңге түсті.

Орта есеппен ай сайын Қарағанды облысының төлеушілерінен шамамен 4 млрд. теңге түседі. Биылғы жарты жылда аймақтағы медициналық ұйымдар тиісті қызметін көрсету үшін оларға 57,6 млрд. теңге төленді. Оның 32,8 млрд. теңгесі ТМККК үшін болса, 24,8 млрд. теңгесі МӘМС аясындағы қызметтерге аударылды.

– Аударымдар адамға қалай жұмыс істейді? Жалпы, МӘМС қарапайым халыққа не береді?

– Қорға түсетін соманың жартысынан көбі – жеңілдікті санаттар үшін мемлекеттің жарналары. Мемлекет өз міндеттемелерін кепілді көлем арқылы тікелей қаржыландыру және азаматтардың жеңілдікті санаттары үшін медициналық сақтандыру қорына төлеу жолымен орындайды. 11 миллионға жуық халық жеңілдікті санатқа жатады. Олар – зейнеткерлер, балалар, мүгедектер, жүкті әйелдер және басқа да осал топ санаттары. Қорға түсетін барлық қаражат жинақталмайтынын білу керек. Яғни, МӘМС жүйесі жинақтаушы жүйе болып табылмайды. Қорға келіп түскен қаражат бірден медициналық ұйымдар көрсететін көмек түрлері үшін ақы төлеуге жіберіледі. Қор арқылы көмектің барлық түрлері қаржыландырылады, мейлі ол емханалық, стационарлық көмек болсын, ЖИТС, туберкулез сияқты әлеуметтік маңызы бар аурулар болсын. Кейде адамдар «қорға ақша төлеймін, ал, медициналық қызметке жүгінбеймін» деп наразылықтарын білдіріп жатады. Бұл ретте айтарымыз, МӘМС ынтымақты жүйе екенін түсіну керек. Бұл ақша Қорға жиналмайды, көрсетілген көмек үшін медициналық ұйымдарға жіберіледі. Орта есеппен МӘМС пакетінен біздің облыс ай сайын медициналық ұйымдарға шамамен 5 млрд. теңге аударады.

«ОБЛЫС ХАЛҚЫНЫҢ 82%-Ы ҚОРҒА ТҰРАҚТЫ ҚАРЖЫ АУДАРАДЫ»

– Қор қаражатына көрсетілетін қызметтер қандай?

– МӘМС пакетіндегі қызметтерді тө­леуге Қорға жарналар мен аударымдар түрінде түсетін ақша кетеді. Бұл кеңейтілген консультациялық­диагностикалық қыз­меттер, жоспарлы стационарлық көмек, медициналық оңалту және медициналық қызметтерге аударылады. Оған қоса, кейінгі 2 жыл бойы қор есебінен амбулаториялық деңгейде тегін дәрі­дәрмекпен қамтамасыз етуді қосымша қаржыландырып келеміз. Атап айтқанда, біздің облыс бойынша бұрын тегін дәрі­-дәрмекпен қамтамасыз етуге шағымдар көп болатын. Қазір жағдай басқаша. Мысалы, 2021 жылы тегін амбулаториялық қамтамасыз етуді қаржыландыруға кепілдік берілген көлем шеңберінде шамамен 13 млрд. теңге және МӘМС пакетінен 3,7 млрд. теңге бөлінді. 2019 жылы 9 млрд. теңге аударылған болатын. Бұл сома жыл санап артып келеді. Соның әсерінен тегін дәрі­-дәрмекке қатысты өтініштердің де саны қысқарды.

Жалпы, биылғы жылғы облыстың ден­саулық сақтау жүйесін қаржыландыру 130 млрд. теңгеден асады. Өткен жылмен салыстыратын болсақ, ТМККК шеңберінде алғашқы медициналық­санитариялық көмек көрсетуге, жедел медициналық көмек қызметінде өсім бар. Онкогематологиялық аурулардың өсуі байқалады, сәйкесінше, мұнда қаржыландыру 25%­ ға артты. МӘМС пакетінен ауыл халқына стационарлық көмек, консультациялық­ диагностикалық қызметтерді көрсету қаражаты көбейді. Пандемия кезеңінде 2 жыл бойы скринингтер, кәсіби тексерулер жүргізуге шектеулер болды. Сондықтан, биыл денсаулық сақтау басқармасы халықты кәсіби тексерулермен барынша қамту туралы шешім қабылдады.

– Медициналық көмекке қолы жете алмай жүрген жандар аз емес. Сапалы көмектің қолжетімділігіне әсер ететін не?

– Медициналық көмектің қолжетімділігі жарналар мен түсімдерге байланысты. Бүгінгі күні облыс халқының 82%­-ы медициналық сақтандыру қорына тұрақты түрде қаражат аударады. 250 211 адам сақтандырылмаған. Олар медициналық қызметтердің кеңейтілген пакетін ала алмайды. Бар үміті тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде. Көбінесе өздері үшін жұмыс істейтін дербес төлеушілер сақтандырылмаған. Сондай­-ақ, ауылда қосалқы шаруашылықтары бар өзін­-өзі жұмыспен қамтыған адамдарда да осындай мәселе. Сақтандырылмаған адамдар медициналық көмекке жүгінсе, медициналық көмектің кеңейтілген көлемін алу қиынға соғады.

– Сақтандырылмаған азаматтардың қандай медициналық көмек түрлеріне құқығы бар?

– Жедел медициналық көмекке, жалпы практика дәрігеріне және учаскелік терапевтің қабылдауына, шұғыл емдеуге жатқызуға, мысалы, егер санавиация қажет болса, бұл да шұғыл көмекке кіреді. Тексерулердің минималды көлемі: қан қысымын өлшеу, жалпы қан, зәр анализі және басқасы. Ал, бейінді мамандардың кеңесін алу олар үшін мүмкін емес. Біз бұл мәселеден шығудың екі жолын үнемі айтамыз. Біріншісі – бұл жарналарды дербес төлеуші ретінде төлеу. Бірақ, соңғы 12 айда қарыз болмауы керек. Сіз қазір медициналық көмек алғыңыз келсе, өткен жылдың қыркүйегінен бастап, осы жылдың тамызына дейін МӘМС­-ға жарналарды төлеуіңіз керек. Екінші әдісі – бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төлеу. Бұл қала тұрғындары үшін 1 АЕК және ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК. Ол немен ыңғайлы? БЖТ төлеміне төлемнің 4 түрі кіреді. Осы соманың 40%­-ы медициналық сақтандыру қорына, 30%­-ы зейнетақы қорына, 20%­-ы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына және 10%-­ы жеке табыс салығына кетеді. Бірақ, сақтандырылу мәртебесі алғашқы төлемнен кейін 3-ші айда ғана беріледі.

«ХАЛЫҚПЕН КЕРІ БАЙЛАНЫС БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫЗ»

– Осыншама қаражатқа бақылау қалай жүргізіледі? Медициналық ұйымдардың мониторингі туралы айтып берсеңіз.

– Біз халықпен ауқымды кері байланыс болғанын қалаймыз. Себебі, бұл халық қаражаты. Бақылау мәселесінде цифрландыру көп көмектеседі. Кешенді медициналық ақпараттық жүйе азаматтарды қашан қабылдағанын, қай емханаға тіркелгенін көреді. Барлық шағымдар бойынша талдау жүргіземіз. Егер медициналық ұйымның кінәсі расталса, шарт бойынша біз айыппұл санкцияларын қолданамыз. Біздің міндетіміз – қор бөлетін ақшаға медициналық ұйымның сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуін қамтамасыз ету. Жеке тексеру кестеміз де бар. Бүгінде облыс бойынша 108 қызмет жеткізуші бізбен шартқа отырған. Оның 52%-­ы жеке меншік нысандар. Қормен келісімшарт жасасқан барлық жеткізушілер проактивті мониторингтен өтеді. Біз бұзушылықтарды анықтаймыз, оларды түзетуге мүмкіндік береміз. Егер белгілі бір уақыттан кейін түзетілмесе, айыппұл саламыз. Айыппұл клиниканы қажетті құрал­-жабдық сатып алу мүмкіндігінен айыратынын олар түсінеді. Сондықтан, әдетте кемшіліктер тез жойылады. Осы жылдың І тоқсанында біз 300 млн. теңгеге жуық айыппұл санкцияларын қолдандық.

– Сіз айтып отырған бұзушылықтар мысалы, қандай?

– Медицина қызметкерінің әрбір қадамы стандарттарда, диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларында жазылған. Науқас, мысалы, ультрадыбысты зерттеуді жасау керек еді, алайда, олар науқаcқа жолдама берген жоқ немесе оны уақытылы жасамады және уақытылы диагноз қоймады, емдей бастады. Мұнда медициналық құжаттаманы ұқыпсыз толтыру фактілері бар. Зерттеудің әр түрінің, әрбір операцияның өзіндік құны бар. Сондықтан, біз медициналық ұйымдар төлемге қымбат қызметтерді көрсеткен жағдайларды біліп отырамыз. Ондайда олар көрсеткен құнның 50%­-ы мөлшерінде айыппұл санкцияларын саламыз. Сонымен қатар, медициналық ұйымдар пациентті ТМККК немесе МӘМС пакеті бойынша тиісті қызмет үшін қосымша ақы төлеуге заңсыз мәжбүрлегені туралы да шағымдар бар.

«НАУҚАС ҚҰҚЫҒЫ БІРІНШІ ОРЫНДА»

– Егер науқас Сіз айтып отырған жағдайларға тап болса не істеуі керек?

– Мұндайда жүгінетін бірінші инстанция – бұл ұйымның пациенттерді қолдау қызметі. Ол мәселені «осында және қазір» қағидаты бойынша шешуі тиіс. Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, мұндай қызмет әр медициналық ұйымда бар. Егер онда ештеңе шешілмесе, басшылыққа, әкімшілікке барыңыз. Егер онда да шешпесе, облыстың денсаулық сақтау басқармасына немесе тікелей медициналық сақтандыру қорына қоңырау шалыңыз. 3 жылдан бері байланыс орталығы жұмыс істейді, номері – 1406. Сонымен қатар, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, fms.kz сайты, @SaqtandyryBot телеграмм­боты жұмыс істеп тұр. Кейде адамдар «шара қолданбайсыздар» деп жатады. Қандай да бір шара қолдану үшін шағым тиісті түрде рәсімделуі керек. Жоғарыда көрсетілген әдістердің бірі арқылы нақты жағдайды көрсету қажет. Биылғы жылдың І тоқсанында филиалға 655 өтініш түсті. Барлық өтініштер бойынша талдау жасадық. Сонымен қатар, Қор филиалына қабылдауға келуге болады. Филиал Қарағанды қаласында «Дәулет» сауда үйінің 3­ қабатында орналасқан.

– Өзі ауырып тұрған жанды «бізде жоқ, анда барып қарал», «мында түс» деп басқа клиникаларға жіберіп жатады. Әдетте ол ақылы. Бұл қаншалықты заңды?

– Дұрысы – егер бұл ұйымда қандай да бір зерттеу түрі немесе маман болмаса, олар басқа клиникамен бірлесіп орындау туралы келісімшарт жасайды. Олар осы қызметті қамтамасыз етуге міндетті. «Басқа жерге барып алып келіңіз» деуі – заңсыз. Мұндай фактілер орын алса, бізге хабарласыңыз. Егер оларда кардиолог болмаса да, басқа клиникаға ақысыз жіберуі қажет. Бұл үшін біз емханаға ақы төлеп отырмыз. Тағы бір мысал, операция алдында үнемі ЖИТС пен гепатитке анализ тапсыру қажет. Науқасқа бұл талдаулар ТМККК­-ге де, МӘМС­-ке де кірмейтінін айтып, ЖИТС орталығына барып анализ тапсырады. Ақылы түрде.

Егер пациентке операцияға дайындық шеңберінде емхана тексерулер кешенін тағайындаған болса, науқас үшін бұл тексерулердің барлығы ТМККК шеңберінде немесе МӘМС жүйесінде тегін болуы тиіс. Емханада барлық зерттеулерден немесе мамандардан өту мүмкіндігі болмаған жағдайда, пациент бірлесіп орындау шарты бойынша басқа клиникаға жіберілуі қажет. Тағы да айтамын, науқас үшін бұл зерттеулер тегін болуы керек! Өйткені, Қор осы зерттеулер мен кеңестер үшін емханаға төлем жасайды. Бұл қормен шарты бар барлық медициналық ұйымға қатыс­ты, жеке меншік болса да. Медициналық сақтандыруды енгізудің мәнінің өзі халықтың қалтасына түсетін жүктемені азайту. Бізде халық бай емес, ашық айтайық. Осылай бола тұра олар тегін зерттеулер үшін ақы төлеуі керек пе? Бұл – түбегейлі дұрыс емес.

– Ал Қормен шарт жасаспайтын әрі МӘМС жүйесіне қатыспайтын клиникалар бар ма?

– Шағын жеке кабинеттер, әрине, көп. Олармен шарттар жоқ. Аланда, Профессор Лохвицкийдің клиникасы сияқты стационары бар клиникаларда қормен шарттары бар. Азаматтар «жеке меншік», «ақысы қымбат» демей-­ақ осы клиникаларда тегін көмек ала алады. Соның ішінде МӘМС шеңберіндегі қымбат операцияларды да алу мүмкіндігі бар.

– Емхана мұндай қызметтерді жеке клиникада тегін алуға болатынын немесе болмайтынын хабарлауы тиіс пе?

– Иә, емделуші келетін бірінші жер – емхана. Олар сізге осы қызметті тағы басқа қай жерде және қай уақытта алуға болатынын айтуы керек. Сізге тек Қарағандыда ғана емес, Қазақстанның кез келген басқа қаласында да клиника таңдауға мүмкіндік беру керек. Біз бұған қол жеткіземіз деп отырмыз. Бұл ретте ескеретін жайт бар. Кейбір емханалардың тіркеу бөліміндегі мамандар жиі ауысып отырады. Қор өз тарапынан медицина қызметкерін медициналық сақтандырудың барлық қыр­-сырына үйретеді, ал, 3­4 айдан кейін ол ауысып кетеді. Яғни, қайтадан үйретуге тура келеді. Науқас пен денсаулық сақтау жүйесі арасындағы көптеген түсініспеушіліктер, шағымдар ережелерді білмеу, қарым­-қатынас жасай алмау салдарынан туындайды.

Жалпы, денсаулық сақтау жүйесі өте күрделі, өйткені ол бәрімізге әсер етеді. Барлығымыз туған сәттен бастап, медициналық көмектің әлеуетті тұтынушыларымыз. Қорытындылай келе, сақтандырылушы болу экономикалық позициядан тиімді екенін айтқым келеді.

Медициналық сақтандыру қорына тиісті соманы төлей отырып, медициналық көмек керек болатын кез келген жағдайда оның құнына қарамастан, емдеу­-диагностикалық іс­шаралардың кең ауқымын кепілді түрде алатынымызға сенімді боламыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button