Вакцинаны зерттеу басталды
Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in вакцинасына клиникалық зерттеу басталды. Құжаттар мұқият тексерілгеннен кейін Денсаулық сақтау министрлігі QazCovid-in қазақстандық вакцинасын клиникалық зерттеудің I/II фазасын жүргізуге рұқсат берді.
– Бірінші және екінші кезең шеңберінде еріктілерді вакцинациялау жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинациялауға рұқсат берді. Клиникалық зерттеуге тек 244 ерікті қажет болатын. Алайда, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына (БҚПҒЗИ) Қазақстанның барлық өңірінен клиникалық зерттеулерге қатысуға ниет білдірген еріктілерден он күннің ішінде түскен өтініштер саны әлдеқайда көп болды. Хабарландыру шыққаннан кейін бірнеше күн өткен соң өтінішдерді қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық. Отандастарымызға ғылым саласына көрсеткен қолдаулары мен сенімдері үшін алғысымызды білдіреміз, – деп мәлімдеді Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.
Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, вакцинаны клиникалық зерттеу 18-50 жас аралығындағы дені сау ересек еріктілер арасында жүргізіледі. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтауға бағытталған зерттеудің I фазасына коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысады. Иммуногенділікті зерттеуге бағытталған II фазада 200 еріктінің қатысуы жоспарланып отыр.
2020 жылдың 26 шілдесінде QazCovid-in вакцинасын БҚПҒЗИ бас директоры К.Закария бастаған 7 әзірлеуші ғалым, кейін 20 ғалым өздеріне салдырғанын естеріңізге сала кетейік. Қазақстандық ғалымдарда иммунитеттің жоғарлауы байқалып, талдау нәтижелері вакцинаның қауіпсіздігі мен жоғары иммуногенділігін көрсетті. Бүгінгі таңда қызметкерлердің жағдайлары жақсы, жұмыстарын жалғастыруда.
Аяулым СОВЕТ.