Бас тақырыпБасты тақырып

Өркендеу өрісі

Кеше ҚР Премьер-Министрі Асқар МАМИН Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы Қарағанды фармацевтикалық кешеніндегі ресейлік «Спутник V» вакцинасының өндірісін көрді. Бұл айтулы шара ел Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир ПУТИННІҢ арасындағы уағдаластық аясында жүзеге асты. Облыста өндірілген ресейлік вакцинаны егу келер жылдың ақпан айына жоспарланып отыр.

– Кешен базасында кезең-кезеңмен 2 млн. доза вакцина өндіріледі. Бірінші кезекте екпе ерікті негізде медицина қызметкерлері, педагогтар, студенттер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті, сондай-ақ созылмалы ауруы бар топтардың өкілдеріне салынады, – деді А.Мамин.

ҚР Премьер-Министрі Қазақстанда «Спутник V» вакцинасы өндірісінің жергілікті жерде болуының маңыздылығын ерекше атап өтті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, Қазақстанда бірнеше вакцина айналымда болады. Соның бірі – осы «Спутник V» вакцинасы. Сақтау мен жеткізу кезіндегі қалыпты температура мен бағасының төмен болуы оны анағұрлым тиімді етеді. Себебі, мәселен, америкалық Pfizer/BioNTech вакцинасын сақтау мен тасымалдау кезінде -70°C талап етіледі.

Сөз орайы келгенде, өткен аптада отандық вакцинаның үшінші клиникалық сынағының басталғанын атап өткен жөн. QazCovid-in вакцинасының І және ІІ кезеңі нәтижесі бойынша оның қауіпсіздігі мен тиімділігі 96% деңгейін көрсеткен. Отандық вакцина өндірісі үшін бой көтеріп жатқан биофармацевтикалық зауытта жылына 60 млн. доза вакцина шығарылмақ. 2021 жылдың наурызына жоспарланған жаппай вакциналау отандық өніммен жасалады деп күтілуде.

20 желтоқсанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 652 адам анықталды. Осыны қосқанда елде барлығы 147 236 жағдай тіркелді. Қарағанды облысында 30 жаңа жағдай анықталып, 11 696 адамда расталды.

***

Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрі Саран қаласындағы автобус, электробус пен арнайы техника шығаратын «QazTehna» зауытының ашылу рәсіміне қатысты. Кәсіпорын – әлемдегі аса ірі автобус өндіруші Yutong компаниясының серіктесі. Жобаның құны – шамамен 23 млрд. теңге. Жылына 1200 автобус пен электробус, сондай-ақ арнайы техниканың 500 данасын өндіретін қуаты бар. Нәтижесінде мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жоба қоғамдық тасымалдау саласындағы барлық әлемдік сапа стандарттарына сәйкес келеді. Автобустар мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы пандустармен, орындармен, электронды билет беру және бақылау жүйесімен жабдықталған.

– Зауыт бұрынғы РТБ зауытының аумағында салынды. Ондағы үй-жайлар да қайта жаңартылды. Өндіріс орындары қалпына келтірілді. Қазіргі уақытта жүз шақты жұмысшы еңбек етуде. Олардың басым бөлігі Саран қаласының тұрғындары, – деді «QazTehna» ЖШС директоры Арғұлан Майқонов.

Өндіріс орнында әуелі қалалық, қалааралық және мектеп автобустарын шығаратын болады. Сондай-ақ, электр автобустарын өндіру жоспарлануда. Ауыр жүк техникасын құрастыру – келесі жылдың еншісінде. Мекеме басшысы өнімдердің ел ішінде және жақын шет елдерге экспортталу мүмкіндігін атап өтті.

Дайын өнімдердің арасында мектеп автобусы да бар. Ол – ел Президенті Қ.Тоқаевтың биыл облыс орталығында ашылған №104 мектеп-гимназиясына берген сыйы. Келесі жылы осындай автобустар облыстың басқа оқу орындары үшін сатып алынатын болады.

Кәсіпорын директорының айтуынша, Саран қаласының тұрғындары жаңа автобустардың ыңғайлылығын алғашқылардың бірі болып бағалай алады. Моноқаланың қажеттілігіне 20 жолаушылар көлігін сатып алу жоспарлануда.

Үкімет басшысы назарына Саран қаласындағы индустриялық аймақты одан әрі дамыту перспективасы және «Оңай» электронды билеттендіру жүйесі туралы мәліметтер ұсынылды.

Сонымен қатар, Асқар Ұзақбайұлы өңірге жасаған жұмыс сапары аясында Caterpillar маркалы арнайы техника сервисінің және ауыр техника компоненттерін қалпына келтірудің толық циклі бар ТМД-дағы бірден-бір «Борусан Макина Қазақстан» ЖШС-ында болды.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button