Сау тіс – жарқын күлкі кепілі
Қазақстанда 16 мамыр мен 16 маусым аралығында «Балаларға күлкі сыйла!» республикалық акциясы өтуде. Акция аясында әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалдары денсаулық сақтау басқармаларымен, медициналық ұйымдармен және басқа да мүдделі құрылымдармен бірлесіп, балаларға профилактикалық стоматологиялық тексерулер ұйымдастыруда. Мәселен, жақында Жезқазған қаласының стоматологтары балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін стоматологиялық тексеру және емдеу жүргізді.
Жезқазған қаласындағы «Әсия» стоматологиялық клиникасы республикалық акцияға қосылды. Дәрігерлер Маруа Құлышева атындағы балалар үйінің балаларына тегін стоматологиялық тексеру жүргізді. Тек бір күннің ішінде стоматологтар 30 баланы тексерді. Жеті балаға қажетті ем көрсетіп, біреуіне протез салуға дайындық жүргізілуде. Бұдан бөлек, тағы 14 бала кезекте тұр. Акция барысында балалар үйлерінің, интернаттардың, медициналық-әлеуметтік мекемелердің тәрбиеленушілеріне, аз қамтылған отбасылардың балаларына ерекше көңіл бөлінеді. Стоматологиялық клиникалар МӘМС пакетінен тыс көмек көрсетуде. Ал, жалпы, 18 жасқа дейінгі балалар мемлекет есебінен міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесінде жеңілдік санатына енетінін барша біледі. Олар МӘМС есебінен жоспарлы және шұғыл стоматологиялық көмек алуға құқылы.
Өз тілшімізден.