Жаңалықтар

“Көк Тудың желбірегені…”

Өңірде бұқаралық-спорттық шаралар жиі өтеді. Сондай шаралардың бірі ретінде рәміздердің 30 жылдығына арналып өткізілген велошеруді айтуға болады. Аталмыш іс-шараға өңірдің барлық қала, аудан өкілдері қатысып, бір мезгілде Әнұран шырқады. Сонымен қатар, 200-ден астам кәсіби маман мен әуесқой велоспортшылардың қатысуымен веложарыс өтті. Мерекелік шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан БИКЕНОВ қатысты.

(Сурет интернеттен алынды)

– Мемлекеттік рәміздер біздің ұлттық құндылығымыз. Бабалар аңсаған тәуелсіздіктің нышанын көздің қарашығындай сақтау азаматтық борышымыз деп білемін. Тұғырлы Ту мен айбарлы Әнұран, еңселі Елтаңбамыздың қадір-қасиетін ұрпаққа ұғындыруымыз қажет. Сонда ғана өскелең ұрпақтың бойында туған жерге деген, елге деген отансүйгіштік сезім қалыптасады, – деді Нұрлан Рахметуллаұлы.

Сонымен қатар, шараға 1972 жылы Мюнхенде өткен Олимпиада ойындарында КСРО велоспортынан олимпиада құрамасының капитаны болған Анатолий Степаненко мен дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев қатысып, жылы лебізін білдірді.

– Бұл мерекенің біз үшін орны бөлек. Біз үшін – бақыт. Осы бақытты бағалауымыз қажет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Елге, жерге адал еңбек етейік. Осы күнге жеткеніміз – бабалардың арқасы. Содан кейін, елдің тыныштығы мен тұрақты саясатының арқасында тату-тәтті күн кешудеміз, – деді басқарма басшысы.

Мерекелік шара «Менің туым, менің мақтанышым» акциясына ұласты. Веложарысқа қатысушылар Республика даңғылындағы тутұғырдан Тәуелсіздік стеласына дейін жүріп өтті. Велошабандоздардың қатарына қосылу үшін – талап оңай. Ең бірінші жасың 14-тен жоғары болса болғаны. Сонымен қатар, велосипед пен спорттық киімің болуы керек. Қатысушыларға жалаушалар таратылып, 7 шақырым жерді жүріп өтті. – Бұл мереке – көпұлтты мемлекеттің басын қосатын мерекенің бірі. Бір тудың астында тұрып жатқаннан кейін, бізге бәрі ортақ. Сондықтан, тату-тәтті, ымыра-бірлігіміз жараса берсін. Рәміздерді қастерлеп, келешек ұрпаққа кеңінен насихаттайық, – деді Анатолий Степаненко.

Шара барысында облыстың қоғамдық саяси өміріне белсене қатысқаны және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін бір топ азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды.

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button