Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігері қарағандылықтарды митингілер мен жаппай жиындарға қатыспауға шақырды

Қарағанды облысында коронавирустың таралу қаупі жоғары болып тұр. Жаппай жиындар жағдайды нашарлатуы мүмкін. Өңірдің бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Асқаров тұрғындарды митингілер мен жаппай жиындарға қатыспауға шақырды.

— Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда төтенше жағдай алынып тасталды, бірақ карантин жалғасуда. Қарағанды облысында коронавирустық инфекция әлі де тіркелуде. Өткен тәулік ішінде COVID-19-дың 48 жағдайы анықталды. Барлығы 1072 жағдай тіркеліп, оның бесеуі өліммен аяқталды, — деді Қанат Асқаров.

— Өкінішке орай, бүгінгі статистика пандемияның азаймай тұрғанын көрсетуде. Осыған байланысты жақында әлеуметтік желілерде таралған жаппай шаралар мен митингтерге шақыруға жол бермеулеріңізді сұраймыз. Өңірде жалғасып жатқан індет жағдайында адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіру — жауапсыздық, — дейді облыстың бас санитарлық дәрігері. — Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, жаппай жиналу адамдардың вирусты қайта жұқтыруына әкеліп соғуда. Көптеген қалалар мен елдерде дәл осылай болды.

Ол жұқтыру жағдайлары тіркелетін болса митинг ұйымдастырушыларының жауапкершілікке тартылатынын ескертті. Тіпті заңмен қылмыстық жаза да қарастырылған.

— Қатысушылар инфекциялық, уақытша және карантиндік ауруханаларда оқшауланатын болады. Эпидемия кезіндегі санитарлық-эпидемиологиялық хаттаманың талаптары осындай және біз оларды орындаймыз, — деді Қанат Асқаров.
Сондай-ақ ол бейнежазбалардың көмегімен бұқаралық жиналыстарға қатысушылар анықталып, олар есепке алынатынын ескертті. Бұл аурудың өршуі жағдайында эпидемиологиялық зерттеу үшін қажет.

— Жаппай жиналыстар мен митингілердің барлық қатысушылары коронавирустық инфекцияның эпидемиялық тізбектерін жасайды. Бұдан кейін инфекция сіздің ошақтарыңызға, отбасылық шеңберге, ең алдымен балалар мен қарттарға қауіп төндіреді. Сол себепті жарлықтарда аймақтағы барлық жаппай жиналыстарға тыйым салынған, — деді Қанат Асқаров. — Мен сіздердің саналарыңыз бен жауапкершіліктеріңізге жүгінемін. Қоғамның денсаулығы әрқайсымыздың жеке қауіпсіздік шараларын сақтауымызға тікелей байланысты.