ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫЙЛЫҚ – ҚАРАҒАНДЫ ҰЛЫНДА
Жылдың айтарлық жаңалықтарының бірі болды бұл. Түркі мәдениетінен тамыр тартатын қазақ мәдениетіне жасалған құрмет деп білеміз. Және ол жерлесіміз, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Дүйсен ҚАСЕЙІНОВКЕ табысталғанын естіп қуандық. Сербия Республикасының «Ағайынды Каричтер» қорының мәдениет және өнер саласындағы сыйлығын Қазақстан Республикасының Сербиядағы елшілігінде Дүйсен Қорабайұлына салтанатты түрде тапсырыпты.
Бұл туралы Қазақстанның Сербия Республикасындағы елшілігі мәлімдеп отыр. Сербия Республикасының Парламенті – Халықтық Скупщина депутаты, «Қазақстан достары клубының» мүшесі Драгомир Карич мырза табыстаған сыйлық әлем елдері арасындағы ынтымақтастық, достық, мәдени әрі бауырластық байланыстарды нығайтуға қосқан зор үлесі үшін беріледі екен.
Карич қоры жыл сайын бейбітшілік, халықтар арасындағы достықты нығайту; мәдениет пен өнер; экономика және басқа да салалардағы түрлі аталымдар бойынша дүние жүзіне танымал тұлғалардың елеулі еңбегі мен белсенді қызметтерін атаусыз қалдырмайтын көрінеді. Ресми ақпаратта биыл дүние жүзінің басқа елдеріндегі секілді Сербияда да орын алған пандемия жағдайында дәстүрлі «Ағайынды Каричтер» сыйлығын тапсыру рәсімі бұрынғыдан айрықша ахуалда өткені көрсетілген. Салтанатты рәсімге Сербиядағы ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің Елшілері тегіс қатысты.
Жәнібек ӘЛИМАН.