«Дос-­Мұқасан» фильмінің тұсауы кесілді

Қарағандыдағы «Сарыжайлау» кинотеатрында «Қазақтың битлзы» атанған әйгілі «Дос­-Мұқасан» вокалды­аспапты ансамблі туралы «Дос­-Мұқасан» көркем фильмнің премьерасы өтті. Туындыны Ефрат Шәріповтің сценариі негізінде Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен Aray Media Group студиясы түсірген. Картинаның продюсері – Айгүл Байбек, режиссері – Айдын Сахаман.

Жиылған жұрт көрсетілім алдында түсірілім тобы БАҚ өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізді. Жиынды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысы Еркебұлан Жұмакенов жүргізді.
Актерлік құрам портреттік ұқсастық бойынша таңдалған. Басты рөлдерді Мейірғат Амангелдин, Мақсат Сәбитов, Елдос Шайкенов, Саят Мақұлбаев, Айғаным Сағынбаева, Никита Погодаев, Нұрғиса Қуанышбайұлы және Әбілмансұр Серіков сомдапты.

Айгүл Байбек пен Айдын Сахаман бастаған топ журналистердің сұрақтарына жауап берді. Түсіріле бастаған сәттен бергі қызықты сәттерге тоқталып, түйген ой-пікірлерін ортаға салды.
– Қарағанды бізді құшақ жая қарсы алды. Бұған дейін Астана, Алматы, Шымкент қалаларында тұсауы кесілген. Ұйымдастыруға атсалысқан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова бастаған азаматтарға, облыстық мәдениет басқармасына алғысымыз шексіз. Бұл атақты «Дос-Мұқасан» ансамблінің 55 жылдығына орай қолға алынған жоба. Қазақтың әйгілі перзенттерінің өнегелі өмір жолын насихаттау арқылы ұлт рухының көтерілуіне аз да болса үлес қостық деп ойлаймыз, – деді Айгүл Байбек.

Қалалық мәслихат хатшысы Құдайберген Бексұлтанов қонақтарға алғыс айтып, фильлмнің мән-маңызына тоқталды. Естелік сыйлық пен гүл шоқтарын табыс етті.

Өткен ғасырдың 1970 жылдарының басында қазақ эстрадасына серпіліс әкелген аңыз тұлғалардың өмірі мен шығармашылық жолы, жетістігі мен жеңілісі туралы түсірілген режиссер Қарағанды көрерменінің ыстық ықыласына ие болды. Фильм жарты ғасырдан асқан тарихы бар ансамбльдің құрылу, қалыптасу, елге танылу, қиындықтар мен кедергілер, шарықтау шежіресінің жылнамасы іспетті.

Көркем фильмде достық, махаббат, өнер сайысындағы жеңістері мен қиындықтарды қалай еңсергені баяндалады.

Картинада ансамбльмен бірге ән айтқан Құрманай Омарова образы да бар. Дінмұхамед Қонаев бастаған сол дәуірдің белгілі тұлғаларын да көресіз.

Жәлел ШАЛҚАР