Жаңалықтар

Өрге шыққан «Өрлеу»

Кеше ғана Қарағанды аймағындағы өркениет өріне «Өрлеу» деген атпен қадам басқан жаңа ұйымның тұсауы кесіліп еді, көзді ашып-жұмғанша 10 жыл өте шығыпты. Осы бір ордалы онжылдықта оқыту орнының оза шауып, биік белестерді бағындырғанына куә болдық.

«ҚР Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында педагог кадрларды даярлау және білім беру жүйесін жоғары кәсіби кадрлармен қамтамасыз ету күн тәртібіне көтеріліп, олардың біліктілігін арттыру мәселесі алға қойылған еді. Нәтижесінде, 2012 жылдың күзінде Қарағанды облысының білім беру қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты болып қайта құрылды. Осы уақыттан бері, киелі қарашаңырақ – Ұлттық біліктілікті арттыру орталығының он жеті филиалының қызметтері, жобалары мен жетістіктерінің жарқын калейдоскопы болды. Білім ордасының өткеніне көз жүгіртіп, жеткен жетістіктерін жіпке тізсек, жан семіріп, көңіл марқаяды. Мәселен, 10 жыл ішінде Қарағанды институты электрондық оқыту (e-learning), робототехника, 3D-принтинг жүйесін енгізу бойынша бағдарламаларды жүзеге асырды. Алғаш рет ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде Blended Learning (аралас оқыту) форматындағы курстар ұйымдастырды. Педагогтердің IT-құзыреттерін дамыту «Өрлеудің» барлық білім беру бағдарламаларының мазмұнына енгізілді. 2016-2020 жылдар аралығында Педагогикалық шеберлік орталығымен сертификатталған институттың 36 тренерімен өткізілген курста «Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» бағдарламасы бойынша жаңартылған білім беру мазмұнында Қарағанды облысының 14474 мұғалімі оқытылды. 10 жыл ішінде қысқа мерзімді курстарда өңірдегі балабақшалардың, мектептер мен колледждердің 19 922 педагогы өз біліктіліктерін арттырды.

Қазіргі уақытта институттың оқытушылары Таллин университетінің Edcrunch бағдарламасы бойынша біліктілігін арттыруда. Осы жылдар ішінде Институт менеджмент академиясына, педагогикалық кадрлар ұстаханасына айналды. 18 адам философия докторы PhD, педагогика ғылымдарының магистрі ғылыми және академиялық дәрежелерін қорғады. Бүгінде институттан тәжірибе жинақтап, қанаттанған қызметкерлердің бірі Білім және ғылым министрлігінің ұлттық орталықтарын басқарса, бірі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ құрылымдарында, жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде табысты еңбек етуде.

Дана халқымызда «Білікті басшыдан – білімді маман шығады» деген аталы сөз бар. Білім ордасының осы уақытқа дейінгі жеткен жетістігі мен бағындырған бедерлі белесінде «Өрлеу» Қарағанды облыстық филиалының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәулеш Дімкешқызы Мұқанованың еселі еңбегі мен көнермес қолтаңбасы бар.
Иә, кенді аймақтағы қазыналы орда өз тарихының екінші онжылдығына қадам басты. Мақсаты айқын, міндеті межелі. Ол – облыстағы педагогтердің кәсіби дамуына даңғыл жол салу, байыпты бағыт-бағдар беру. Сана салмағына салып, сараптай қарасақ, онжылдыққа берер бағамыз да белгілі болмақ. Алдымен, осы жылдары «Өрлеу» корпоративтік және жеке тұлғалық жауапкершілікке ие ынтымақтастық ортаны құра отырып, әрбір жеке ұжым мүшесінің нәтижесі арқылы бүтін бір ұйымның абыройын асқақтатып жүрген қызметкерлерді марапаттау мен мадақтау жүйесін бір жолға қоя алдық. Жуырда ғана, мәртебелі мерейтой аясында білім ордасында еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бері еңбек етіп, ұстаздардың ұстазына айналған «Әдіснама және педагогикалық инновация»кафедрасының аға оқытушысы Ғазиза Смағұлова облысытық білім басқармасының «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгісімен, директордың оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары Мейрамгүл Жетпісбаева мен бірқатар кафедра оқытушылары «Құрмет» грамотасымен, сондай-ақ, институт мамандары «Алғыс хатпен» марапатталған еді. «Адал еңбек – көнермес құрмет» деген осы болар. Бейнеттің зейнетін, еңбектің өн- генін көрген қандай бақыт. Ләйім ұлағатты ұстаздарымыз ұлықталып,ынтымақты ұжымның абыройы асқақтай берсе екен деймін.
Қорыта айтқанда, киелі қарашаңырақтың онжылдағы асқан асуын, жеткен жетістігін жіпке тізгендей жалпылай қамту мүмкін болмас. Біздікі тек, білім ордасы бағындырған биік белестерінің бір парасымен бұқара қауыммен бөлісіп, торқалы тойға арналған лебізімізді жеткізу ғана. Алда атқаруын күткен алқалы істер мен жүйелі жоспарлар тұр. Сондықтан да ұйытқысы берік ұжымның әлі де ілкімді істерді жүзеге асыру жолында күш-қуаты мен шығармашылық әлеуетін аянбай жұмсап, жағымды жаңалықтардың жалғасын табатынына сеніміміз мол. Облыс педагогтерінің кәсіби тұлғасын қалыптастыру жолында еңбек етіп жатқан әріптестерімді Өрлеудің онжылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Өрлеуіміз өрге шығып, білім сапасы арта берсін!

Алуа БҰХАРБАЕВА, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша КДИ ӘҰМБ басқарма бастығы.
Тілеу ТУҒАНБАЕВА, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша
КДИ бас маманы.

Басқа материалдар

Back to top button