«Сатып алынған марапат – марапат емес»
Білім және ғылым министрлігінің аппарат кеңесінде министр Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ осылай деді.
Қазақстанда ақылы конкурстарға қатысқаны үшін берілетін наградалар мен дипломдар ресми құжат ретінде ескерілмейтін болды. Бұл, әсіресе педагогтардың аттестаттаудан өтуі кезінде қатаң тексерілмек.
Алайда, ұстаздардың басым көпшілігі бұл жаңалыққа разы емес. Тіптен, аудандық, облыстық олимпиадалардан орын алудың машақаты көп екенін айтатын олар, ақысын төлеп, оқушыларды алысжақын қашықтағы ақылы олимпиадаларға қатыстырған тиімді дейді. Өйткені, ақылы конкурстардан оқушымен қатар, мұғалім де сертификат алып келген.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, «Педагог мәртебесі туралы» Заңға сәйкес, биылдан бастап облыстық әкімдіктер мұғалімдерге арналған жергілікті наградаларды бекітіп, айтулы даталарға орай марапаттауға құқылы. Ол наградалар тегін екенін ескерген жөн.
Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі бекіткен наградалар қатарында «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» төсбелгілері, Құрмет грамотасы және Алғыс грамоталары бар. Аталған ресми төсбелгілер мен грамоталар тек ведомстволық наградалар жөніндегі комиссияның шешімі бойынша берілетін болады.
Қарағандыдағы №102 мектеп-гимназиясында қызмет атқарған ардагер ұстаз, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері Рая Игембекова наградалардың мемлекеттік дәрежеде берілгені дұрыс дейді.
– Еңбек жолымды А.Мусин атындағы Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжінде мұғалімдіктен бастадым. Педагогика саласында 40 жыл еңбек еттім. 2016 жылы «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгі бұйырды. Қанша ғұмырымыз оқушыны оқыту мен ғылымға арналды. Осының бәрін ескере отырып, төсбелгіге қол жеткізу оңай деп қалай айтамын? Әр мұғалімге атқарған еңбегіне сай мемлекеттік дәрежеде алғыс айтылып, төсбелгі тағылғаны дұрыс, – дейді Рая Елубайқызы.
Ал, «ақылы медаль алып көрдіңіз бе?» деп сұрағанымызда, ол жөнінде өзіндік ұстанымын айтты.
– Әрине, мұғалімдермен қатар бір жылдары Шымкент қаласында берілетін «Білім шыңы» медалін 25 мың теңге төлеп алған кездер болды. Ол кезде бізге ақылы медаль ресми құжат саналмайды деп ешкім ескерткен жоқтын. Бірақ, «Білім шыңы» ештеңеге жарамады. Қазір қайда қалғанын да білмеймін. Тағып жүрудің өзі ұят.
Ал, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісін ұялмай тағамын. Қазақтың ағартушылық тарихында, ұлттық мектебіміздің қалыптасуында терең із қалдырған ұлы ұстаздың медалін тағу ғанибет қой, – дейді ардагер ұстаз.
Ақылы наградаларға тыйым салған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, сондай-ақ, ата-аналарға білім беру ұйымынан тыс ақылы негізде өткізілетін конкурстар мен олимпиадаларды таңдауда мұқият болуды ескертті. Өйткені, мектептерде ақылы олимпиадалар өткізуге қатаң тыйым салынды.
Бұған дейін мектеп мұғалімдері 3-11 сынып оқушыларын «Ақбота», «Русский медвежонок», «Адам және табиғат» халықаралық зияткерлік конкурстары мен жекеменшік ұйымдар оқушылары арасындағы «Бейбітшілік әлемі», «Эрудит», KIO, NIO.KZ сияқты көптеген байқауларға қатыстыратын. Тіркелу жарнасын ата-ана төлейді. Ұйымдастырушылар оқушымен қатар, мұғалімді де қуантып, сертификатты поштамен салып жіберетін.
Қазақстанда дарынды балаларды мемлекеттік деңгейде қолдау жұмыстарын үйлестіруді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы (РҒПО) ұйымдастыратыны белгілі. Орталық мамандарының айтуынша, Білім және ғылым министрлігіне қарасты олимпиадалар тегін өтеді. Ресми өтетін 20 халықаралық олимпиада, 9 халықаралық ғылыми жоба сайысы, 17 республикалық олимпиада бар.
– Мұғалімдер біліктілігін арттыруға құжат өткізгенде оқушылардың жетістіктерін қатар ұсынады. Осы ретте қандай сайыстардың мадақтамалары біліктілік санатына жарамды екенін әр директор және мұғалім білуі тиіс. Сонда олимпиадаға 1000 теңгеден ақша жинау тыйылады. Ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу керек,– дейді қалалық мектептің (атыжөнін атауды қаламаған) директоры.
Білім және ғылым министрі «Сатып алынған марапат – марапат емес» екенін айтады. Медальдің сатылуына мүдделі басшылар мен оны алып жүрген мұғалімдерді ұяты мазалайтын шығар…
Аяулым СОВЕТ.