Жаңалықтар

Қарағанды екінші орында

Қарағанды облысы “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасының құралдарын қолдануда аймақтар арасында екінші орынды иеленеді. Аймақ жобаларды субсидиялау және қол қойылған кепілдік шарттарының сомасы жөнінен алдыңғы қатарда. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік басқармасы хабарлады.

Басқарма таратқан мәліметтерге сүйенсек, 9 айда облыста 41,3 млрд.теңге көлеміндегі 2 620 жоба мақұлданған. Оның ішінде, 13,9 млрд. теңгеге 147 жобаға несие сыйақысын субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсетілді. 109 жобаның 3,2 млрд. теңге несиесі ішінара кепілдендірілді. Инфрақұрылымды дамытудағы 24,1 млрд. теңгенің 6 жобасы да назардан тыс қалған
жоқ.

Құзырлы орын бағдарламаның әлеуметтік ықпалының күшті екендігін атайды. Мемлекет тарапынан мұндай көмек жаңа жобаларды іске асыруда ғана емес, бизнесті кеңейту үшін де маңызды. Мысалы, “КазЭнергоМаш” корпорациясы 10 жылға жуық нарықта жүр. Оның тұтынушылары – энергетика секторының кәсіпорындары.

«Корпорация Қазақстан бойынша жабдықтар жеткізеді және шетелге экспорттайды. Биыл компания айналым капиталын толықтыру үшін несие алды. Мемлекеттік қолдау есебінен қарыздың жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%. «Бизнестің жол картасы» арқылы несиенің жалпы мөлшерлемесі – 14,5%-дың 8,5%-ы субсидияланады. Сонымен қатар, корпорацияға 47%-ға
кепілдік берілді» дейді кәсіпкерлік басқарма мамандары.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button