Бас тақырыпБасты тақырып

«Ауырып ем іздегенше…»

4 қарашадан бастап Қарағанды облысының Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарымен шектесетін аймақтарда санитарлық бекеттер орнатылды. Нақтырақ айтсақ, «Қызылорда-Павлодар» автокөлік жолының Молодежный кенті аумағында, «Қалқаман-БаянауылҮміткер-Ботақара» автокөлік жолының Үміткер кенті, «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автокөлік жолының 271 шақырымы Семей қаласы бағытына қарай Кентөбе кенті аумағындағы кіріп-шығу пункттерінде санитарлық бекеттер жұмыс істейді. Оларда теріс нәтижесі бар ПТР талап етілмейді. Алайда, осы санитарлық бекеттер арқылы өтетін адамдарға propusk.kz сайты арқылы тіркелу қажет болады. Ретімен тарқатайық…

Соңғы екі-үш күннен бері «облыстың шекараларын жабады» екен, «барлық жолдарда ПТР талап етілетін көрінеді» деген ақпарат ел аузында. Оған негіз де жоқ емес. Қарағанды облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2 қараша күнгі «Қарағанды облысының Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаров аудандарында сыртқы шекараларда орналасқан кіріп/шығуды бақылау үшін санитарлық бекеттерді орнату туралы» №41-қ қаулысында «04 қараша сағат 00.00-ден бастап санитарлық бекеттерді (кіру/шығу) коронавирустық инфекцияға зерттеудің теріс нәтижесі жоқ адамдардың кесіп өтуіне жол бермеу» деген тармақшасы болғаны рас. Алайда, бұл көпшілік түсінгендей, облыстық барлық бағыттағы жолдарға емес, тек осы үш ауданның жоғарыда аталған екі облыспен шектесетін тұсына ғана қатысты өзгеріс болатын. Өзгеріс мұнымен аяқталған жоқ. Келесі күні, яғни, 3 қарашада облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің алдындағы №41-қ қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы №42-қ қаулысы жарияланды. Соңғы қаулыға сүйенсек, аталған жолдардағы санитарлық бекеттерден өтетіндерден ПТР талап етілетіндігі туралы тармақшасы алынып тасталды. Бірақ, «Қарағанды облысына аумағына/аумағынан санитарлық бекеттер арқылы кіру/шығу кезінде propusk.kz сайтында тіркеуден өту қажет» деген абзацпен толықтырылды. Аталған жолмен жүруді жоспарлаған адамдар propusk.kz сайтында өз деректерін көрсетуі тиіс. Ал, жүк және транизиттік көліктер, медицина, арнайы қызмет, коммуналдық қызмет мамандары мен вахталық әдіспен жұмыс жасайтындар рұқсаттамасыз өте алады.

Қаулыға сәйкес санитарлық бекеттер қажетті медициналық құралдармен жабдықталуы тиіс. Сонымен қатар, бұл бекеттерде карантиндік режимді қамтамасыз ететін барлық қызмет мамандарының биологиялық қауіпсіздігін сақтау, оларды жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіп, сол үшін жағдай жасау және бекеттерден шығатын автокөліктерді дезинфекциялық өңдеу жұмыстары аталған аудан әкімдері мен облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысына тапсырылды. Ал, полиция департаменті карантин режимін және қолданыстағы заңнамаға сәйкес Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысымен белгіленген талаптарды бұзатын адамдарға шаралар қабылдауға міндеттелді.

Мұндай санитарлық бекеттер облыста 19 қазаннан бері бар. Әуелде орнатылған сегіз бекет Жезқазған, Приозерск қалалары мен Ұлытау, Нұра, Қарқаралы, Осакаров, Бұқар жырау аудандарында және Бұқар жырау ауданының Центральное ауылында бар-тын. Мұндағы дәрігерлер мен полиция қызметкерлері анкеталық мәліметтерді сұрап, дене қызуын өлшейді.

Ендігі жерде даурықпа әңгімеге емес сақтық шараларын сақтап жүруге күш салу керек. Себебі, індеттің таралуы қарқын алуда. Шығыс Қазақстан облысы бүгінде – «қызыл аймақта». Солтүстік Қазақстан облысы да вирустың таралуы жағынан көш бастап тұр. Осы облыстан әуе немесе теміржол арқылы шығатындарға 9 қарашадан бастап теріс нәтижесі көрсетілген ПТР сынағының анықтамасы талап етіледі. Сондай-ақ, облыс орталығы Петропавл қаласында, Ақмола облысы орталығы Көкшектау қаласында да осы күннен бастап блок бекеттер қойылмақ.

COVID-19 індетін таратпау мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) мәліметінше елімізде өткен тәулікте 432 жаңа жағдай тіркеліп, індет жұқтырған қазақстандықтардың саны 113 741-ге жетті. Оның ішінде біздің облыстан 16 адам анықталды. Яғни, өңір көлемінде 10 622 адам коронавирустық инфекция жұқтырған. Қарағанды облысының санитарлықэпидемиологиялық бақылау департаменті ұсынған статистика бойынша сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 747,8 құрап отыр. Оның ішінде 5612 (52,8%) науқас ауру белгілерімен, 5010 (47,2%) ауру белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар болып табылады.

Сонымен бірге, өткен тәуліктегі мәліметке сай 13 адам індеттен айығып шыққандардың қатарын толықтырды. Жалпы, Қазақстанда өткен тәулікте 177 адам жазылып шыққанын есепке алсақ, барлығы 106 893 адам ауруды жеңіп шыққан.

Өткен 26 қазан мен 1 қараша аралығындағы аптада коронавируспен байланысты пневмонияның күрт өсімі байқалды. Жаңадан анықталған 3400 науқас мамандардың айтуынша, жаздан бергі жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, кеше мәлім болғандай елімізде коронавирус инфекциясының екінші рет жұқтыру дерегі де алаңдатпай қоймайды. Осындайда, жеке бас гигиенасы мен бетперде кию, әлеуметтік арақашықтықты сақтау – індеттен қорғанудың бірден-бір жолы екенін жиі еске салғанның айыбы жоқ деп ойлаймыз. Осындай қарапайым амалдарға салғырттық танытып, соңында сан соғып қалмайық.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button