«Қамданған қапы қалмас»

9 қарашадан бастап облыстың карантинге жабылатындығы туралы ақпарат – жалған. Әлеуметтік желіде таралған әңгімелердің нүктесін аймақ басшысының өзі қойды. Кеше онлайн брифинг өткізген облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екенін және қатаң шараларды енгізуді қажет етпейтіндігін мәлімдеді.

– Бұл хабарламаларды өзім де оқыдым. Ондай шараларды енгізу 9-ынан да, осы аптаның басқа күндерінен де қарастырылмаған. Қазіргі әрекеттер бүгінгі жағдайға жеткілікті, – деген Жеңіс Махмұдұлы коронавирустың жаңа толқынына дайындық барысына да тоқталды.

Жалпы дерек

Статистикалық мәліметтер бойынша қазір облыста тәулігіне 15-20 адам анықталуда. Инфекцияның таралуының орташа көрсеткіші – 1,11%. Бұл республикалық көрсеткіштен төмен. Ал, стационарлардың жүктемесі 4%-дан аспайды.

Біздің облыста вирус жұқтырған 16 адам анықталды. Оның 9-ында ауру белгілері бар болса, 7-еуі ауру белгілері жоқ науқастар (облыс орталығында – 8, Балқаш қаласында – 2, Теміртау қаласында – 5, Ақтоғай ауданында 1 адам). Облыс бойынша анықталған барлық 10 711 адамның басым бөлігінде 52,8%-ында ауру белгілері байқалған, қалған 47,2% ауру белгілерінсіз тіркелген. Коронавирусты пневмониямен ауырғандар қатары облысымызда 932 адамды құрайды. Жалпы айтар болсақ, 8 қарашадағы жағдай бойынша елімізде 610 адамда КВИ анықталып, барлығы 116 772 жағдай есепке алынды.

Техникалық мүмкіндіктер артуда

Ауруды ерте анықтау және науқастарды уақытылы оқшаулау мен үй стационарлары жағдайында сапалы медициналық көмекті күшейтуге баса назар аударылуда. Бұл үшін облыста 288 мобильдік емхана бригадасы жұмыс істейді. Қосымша 122 жеңіл және 60 реанимобиль сатып алынады. Осы арқылы жедел жәрдем көрсету мүмкіндігін арттыру көзделеді. Ал, шалғай елдімекендерге 9 жылжымалы медициналық кешен әзірленді.

Жедел вирусологиялық зерттеу жұмыстарына да жеткілікті көңіл бөлінген. Қазіргі таңда тәулігіне 80 мың зерттеу жүргізуге қауқары бар жеті ПТР-зертхана жұмыс істеп тұр. Енді оның көлемін 10 мың тестілеуге жеткізу жоспарланған. Ол үшін осы айда Балқашта бір ПТР-зертханасы ашылмақ. Сондай-ақ, Жезқазған қаласындағы осындай зертхананың қуаттылығын арттырмақ. Тестілеу нәтижесі де көп күттірмейді, бір тәулік ішінде дайын болады. Ауруханалардағы арнайы аппараттардың да саны артты. Бұл мақсатта 223 өкпені жасанды желдету аппараты, 2 500 оттегі концентраторы, 2 600 пульсоксиметр, 40 сандық рентген аппараттары сатып алынды. 25 госпитальде орталықтандырылған медициналық газ беру жүйесі орнатылған. Қазір жұмыс істеп тұрған 18 компьютерлік томография кабинетіне тағы төртеу қосылды, олар Шахтинск, Балқаш, Жезқазған, Сәтбаев қалаларында.

Қажетті қор бар

Вирус алғаш белең алғанда дәрі-дәрмектің тапшылығы анық көрінді. Алдағы уақытта сол қателіктерді қайталамау үшін дәрі-дәрмек қоры жасалып, емханалар мен ауруханалар қамтамасыз етілуде. Нәтижесінде 3 айға жетерлік қор жинақталды. Тұрақтандыру қорының көлемі 1 млрд. теңгені құрайды. Қолжетімді бағамен сатылу үшін «Азитромицин», «Дексаметазон», «Ибупрофен», «Левофлоксацин», «Надропарин», «Ривароксабан», «Цефтриаксон» сынды препараттар алынып жатыр. Бұл вирус белең алған тұста тапшылық тудырмау үшін қажетті шара. Аймақ басшысының айтуынша, диспансерлік есепте тұрған барлық науқастар қажетті дәрідәрмек қорын үш айға ала алады.

Орын саны екі есе артты

Емдеу мекемелеріндегі орын мәселесі де жолға қойылуда. Биылғы көктемнен бері стационарлардағы орын 2 есеге артып, 4 427-ні құрады. Емделушілерге жоспарлы түрде ем-домын алуға қазір мүмкіндік бар. Бұл ретте Жезқазған қаласындағы 200 орындық жаңа модульді госпиталь өз жұмысын бастағанын айта кету керек.

– Осы аптада Теміртауда 250 орындық инфекциялық стационар ашылуы тиіс. Шахтинск қаласында жұқпалы аурулар корпусын жөндеу аяқталуға жақын. Желтоқсан айында Абай қаласындағы инфекциялық бөлімшені және Теміртауда провизорлық бөлімшені жөндеу аяқталады. Бүгін Қарағанды медицина университеті кәсіптік аурулар институтының ғимаратында 150 орындық инфекциялықпровизорлық госпиталь ашылды. Жалпы, Қарағанды облысында КВИ емдеуге арналған 5 200 орын болмақ, – деді Жеңіс Қасымбек.

Адами фактор – бас ты орында

Пандемияның салмағы дәрігерлерге түскені мәлім. Сол үшін де кадр мәселесі назардан тыс қалмауы заңды. Биыл өңірлерге жұмыс істеуге келген 120 медицина қызметкері баспаналы болды. Келесі жылы берілетін пәтерлер саны 400-ге жеткізілмек.

Вирустың таралу қаупін азайту үшін вахталық қызметкерлердің денсаулық жағдайына бақылау жүргізілуде. Вахтаға дейін және ол аяқталғаннан кейін жұмыскерлер міндетті ПТР-тестілеу жасайды. Сонымен қатар, облыстың периметрі бойынша сегіз санитарлық бекет орнатылған, ондағы полиция қызметкерлері мен дәрігерлер жүргізушілер мен жолаушылардың денсаулық жағдайын тексереді. Нақтылай кетсек, бұл бекеттерде ПТР-тестілеу талап етілмейді, тек термометрия мен сауалнаманы қамтиды. Дегенмен де вируспен ауырған немесе байланыста болған адам қайда барса да дәрігерлердің бақылауында болады.

Карантин жағдайындағы жалпы бақылауды мониторингтік топтар да жүргізуде. Осындай 116 топ соңғы төрт ай ішінде бақылауды 16715 мәрте өткізді. Нәтижесінде карантин талаптарын бұзған 1486 жағдай тіркелді.

Онлайн оқыту – ата-ана таңдауы

Брифинг барысында аймақ басшысы онлайн режимде оқу мәселесіне де тоқталды. Жеңіс Махмұдұлының айтуынша, баласын кезекші сыныпқа беру, не болмаса онлайн оқыту ата-ана таңдауы.

– Қазір жалпы оқыту онлайн режимде, бірақ 1-4 сынып оқушылары кезекші сыныптарға барып жүр. Облыс бойынша 62 мың бала ата-аналарының келісімімен кезекші сыныптарға барады. Дәстүрлі оқытып жатқан мектептер мен сыныптар бар. Олар негізінен шалғай елдімекендердегі шағын мектептер, – деді облыс әкімі.

Ата-аналардың қазіргі отқыту жүйесіне қатысты пікірі әртүрлі. Осы мәселеге қатысы 300-ге дейін оқушысы бар мектептерді қалыпты жұмысқа ауыстыру туралы шешімі қабылдануда. Балалардың мектеп қабырғасына оралуы біртіндеп жүргізілмек.

– Екінші тоқсанда 290-ға жуық мектеп оқытуды қалыпты жағдайда жалғастыра береді. Бірақ, бұлар жоғары айтқан шағын мектептер. Жалпы шешім облыстың эпидемиологиялық ахуалына байланысты шешіледі, – деді Ж.Қасымбек.

Сонымен қатар, осы аптада дөңгелек жөндеу және көлік жуу орындарының жұмыс кестесі де қайта қарастырылатынын атап өтті.

Жансая ОМАРБЕК.