Руханият

Мерейлі мерекемен құттықтады

Қарағандыдағы Достық үйіндегі Аналар кеңесі онлайн форматтағы кезекті кездесуін өткізді. Онда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі, өңірлік «Солдаттар аналары кеңесінің» төрайымы Мария ФАТЕЕВАНЫ 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Жиынды «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бахтиар Бекмырзаев құттықтау сөзімен ашты. Кеңес төрайымы Жанар Кенжеғалиева Аналар кеңесінің атқарып жатқан ауқымды жұмыстарына тоқталып, осы кезге дейінгі жүзеге асырылған істеріне есеп берді. Сондай-ақ, кеңес мүшелері Меруеш Башай «қандастармен жұмыс барысындағы отбасы құндылығы туралы» атқарған жұмыстары төңірегінде тұщымды әңгіме өрбітсе, Бақытты Қанапинова «Жезқазған өңіріндегі көшпелі отырыстың жұмысын» ортаға салып, жеткен жетістігін тілге тиек етті.

Қазақстан республикасының Ұлттық ұланы сапындағы жауынгерлері, әр әскерге шақырылушы Мария Дмитриевнаны өз анасындай көреді. Өйткені, ол әр жаңа шақырылушыға қамқорлық жасап жүреді. Ал, бөлім басшылығы оның кеңестерін мұқият тыңдап, тіпті, түрлі күрделі жағдайларда одан үнемі көмек сұрайды.

– Қоғамдық жұмыстарға қашаннан бері араласа бастағанымды сұрағанда, жай ғана «мен өмір бойы онымен айналысып келемін» деп жауап беремін. Мектеп қабырғасынан бастап, мектептің өміріне, комсомолға қатысып, тоқтай алмадым, – деп еске алады Мария Дмитриевна.

– Мен әрқашан өмірде «қалаймын, қаламаймын» ұғымдарын басшылыққа алуға болмайтынын ерте түсіндім. Үнемі «Қажет» қағидаты бойынша өмір сүрген кезде алға қойған міндетіңізді орындайсыз және мақсатыңызға жетесіз. Содан кейін кәсіби, азаматтық және саяси жағынан дұрыс ұстаныммен өмір сүре аласыз. Мен үшін өмірде ең бастысы осы ұстанымнан таймау.

Мария Фатеева өмір бойы адам жанын аман алып қалатын «құтқарушы» мамандығы бойынша еңбек етіп келеді. Алдымен Октябрь ауданы, Пришахтинскідегі №3 қалалық ауруханада, содан кейін «Қазан төңкерісінің 50 жылдығы» шахтасының денсаулық сақтау пунктінде жедел медициналық көмек қызметінде жұмыс істеді.

Шахтада еңбек еткен 23 жылда ол үйінділердің астынан құтқарып алынған кеншілерге алғашқы көмек көрсету үшін бірнеше рет арнайы киім киіп, белін бекем буып, кенжарға түсті. Оның көмегімен аяққа тұрғандардың көпшілігі әлі күнге дейін есімін құрметпен еске алады және жер басып, тірі жүргені үшін алғыс айтудан шаршамайтынын айта кеткен жөн.

Отырыс соңында кеңес мүшелері алдағы атқарылатын істер жөнінде өз ойларымен бөлісті. «Ана құқығы» парақшасын ашуды және жастармен байланысты күшейтуді қолға алуды бірауыздан мақұлдады. Саналы да сауатты ұрпақ тәрбиелеу үшін отбасының әлеуметтік жағдайына аса көңіл бөлу керектігі де тілге тиек болды. Өнегелі әңгіме мен тағылымды ойларға толы отырыс қатысушылар тарапынан оң бағасын алды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button