Руханият

«DOMBYRA» ұлттық арнасы – Арқада

«DOMBYRA» ұлттық арнасының түсірілім тобы Қарағанды облысына арнайы келді. Ұлттық мәдениетті сақтау және қайта жаңғырту мақсатында қолға алынған «Ұлы Дала әуендері» жобасының түсірілім экспедициясы Арқаның бай дәстүрлі өнерін республика жұртшылығына паш етпекші. 3 қараша күні облыстық тарихиөлкетану музейінде түсірілім жұмысын бастады. Оған Қарағанды қаласында тұратын 20-дан астам күйші, дәстүрлі әнші, жыршытермешілер келіп өз өнерлерін таспаға жазды. Жалпы, облыстың 2 қала, 5 ауданында 3-9 қараша күндері түсірілім жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы аталған музейде өткен баспасөз мәслихатында «DOMBYRA» ұлттық арнасының басшысы Қанат ЕРЖІГІТОВ мәлімдеді.

Біз барғанда небір керімсал күйші, көмейіне бұлбұл ұялаған әнші, жыршы-термешілер өнерін көрсетіп жатты. 4 адамнан тұратын түсірілім тобы келген бойда жұмысқа кіріскен. Арна басшысының өзі Қанат Құдайбергенұлы әр өнерпазбен жеке танысып, қызу жұмыс істеп жатты. Айтуынша, бұған дейін Қазақстанның батысы мен шығысын, оңтүстігі мен солтүстігін аралап, төл өнердің сақталып қалған озық үлгілерін жинаған. Ал, Қарағанды облысынынан шыққан соң, Павлодар аймағы түсірілім жұмысының соңғы нүктесі болмақ.

Бұған дейін Арқаның жас дүлдүл әншісі Саян Бөдесовтің облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетіне жарияланған «Бағдарлама қажет-ақ…» мақаласында аймақтың дәстүрлі өнерін насихаттау мәселесі көтерілген-ді. Мына бастама сол ізгі ниеттің үстінен түскен Алланың нығметі дерсің. Енді, «DOMBYRA» арнасы байтақ даламыздың саф өнерін қазақия даласына таратады. Оның үстіне өнерпаздарға ешқандай талап-шектеу қойылмаған. Елдің ықыласы мен арнайы іріктеу комиссиясының шешімімен ең үздіктері анықталып, арнаның алтын қорына енгізіледі.

Негізінде, бұл игі іс жыл басында басталған. Алайда, қатерлі індеттің таралуына байланысты түсірілім жұмыстары кейінге қалдырылыпты. Енді, міне, індеттің беті шамалы қайтқан тұста осы мүмкіндікті пайдаланып, арнаның қорын әр аймақтың дәстүрлі өнерінің үлгілерімен толықтыруды қайта қолға алған. Түсірілім тобының аймақта жұмыс істеу кезінде жататын орнын, өнерпаздардың басын құрап, арнайы ұлттық нақышта безендірілген алаңмен қамтамасыз етуді облыс әкімдігі өз мойнына алған.

– Қарағанды аймағында бірнеше күн боламыз. Қарағанды қаласынан басталған түсірілім 4 қарашада – Шет, 5 қараша күні – Ақтоғай, 6 қарашада – Бұқар жырау, 7 қараша күні – Қарқаралы, 8 қарашада – Жаңаарқа аудандарында жалғасып, 9 қарашада – Жезқазған қаласында мәресіне жетеді. Егер, аудан немесе қалада өнерпаздар саны 15-ке жетпесе, бармаймыз. Онда олар көрші ауданға келуі тиіс. Өнерпаздар 15 пен 30 аралығында болғаны дұрыс. Бұйырса, Қарағанды облысы өнерпаздарының өнерін қараша айының соңына қарай эфирге беріп қаламыз, – деді Қанат Ержігітов.

Шет ауданы, Ақжал кентінен келген күйші Қалкен Қасымов бастамаға өте қуанышты.

– Өзім зейнеттегі инженер-механикпін. Әуесқой күйшімін. Топырақтан туа дарыған қасиет – бұл. Керней руынан шыққан Кәрібек нағашымнан үйренгем. Домбырамды Қарқаралыдағы әкемнің ағасы жасап берді. Ол ағаш шебері болған. Шертпе және төкпе түрінен басаяғы 70-ке тарта күй білемін. Оркестрде де ойнағам. Бүгін Арқаның 6 шертпе күйін, атап айтсам, Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйін, Әбдидің «Қосбасарларын» орындадым, – дейді Қалкен Қанапияұлы.

Арқа жеріне келген «DOMBYRA» ұлттық арнасының аяқ алысы көз қуантарлық. Арнаның басшысы бәрін өзі қадағалап жүр. Дегенмен, осындай ұлттың тұтас болмысын паш ететін дәстүрлі өнерге жаны ашып, қол ұшын беретін бірде-бір демеуші, қолдаушы болмағаны көңілге қаяу түсірді. Осы кезге дейін өз күштерімен эфирге шығып келіпті. «JULDYZ» атты эстрадалық бағыт ұстанған екінші арнасы бар екен Қанат Ержігітов бастаған азаматтардың. Соның шамалы табысымен күнелтіп келген олар енді, карантинде әншілердің де тығырыққа тірелгенін айтады. Otau.tv желісіне де қосыла алмай отырған арна жуырда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде қабылдауда болыпты. Алдағы уақытта, ең болмаса, түркітектес елдердің экранына шығуға үмітті. Сонымен қатар, айтыс сынды ұлттық өнерді де алдағы уақытта ұйымдастырудан ниетті. Ал, Мәдениет министрлігіне арнаның көрермендерін жалықтырмас үшін, дәстүрлі өнердің тарихы мен теориясын, әнші-күйші, жыршыларды насихаттайтын түрлі байқаулар, телесериалдар мен деректі фильмдердің жобасын ұсыныпты. Бірақ, әзірге үнсіздік. «Індеттен арылсақ, алда арнаның жұмысын бұдан да жандандырып, түсірілімді табиғат құшағында өткізуге, арасына түрлі тартымды дүниелер қосуға ниеттіміз. Ашылған тұста арнада 30 шақты маман жұмыс істесе, қазір 15-ке жуығы қалды. Өйткені, оларға жалақы төлеу қиын. Қазір карантин кезінде шамамыз келгенше, сапалы дүние ұсынудамыз. Кем-кетігі алда түзеледі. Егер, алыс аймақтардан өздері орындап, таспаға түсіріп жіберетіндер болса, қабылдап, экранға шығаруға әзірміз. Тек, сапасы талапқа сай болса екен. Ол үшін бізбен байланысқа шықса болады» дейді олар.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button