Есірткімен күрес – ортақ іс
Кеше 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылған республикалық айлық бастау алды. Шараның ашылу сәтінде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ пен ІІМ орынбасары, полиция генерал-майоры Ержан СӘДЕНОВ бейнебайланыс арқылы қосылып, нашақорлықтың жаһандық деңгейдегі мәселеге айналғанын тілге тиек етті.
Оның әлемдік масштабтағы мәселеге айналғаны соншалық БҰҰ Бас Ассамблеясы 1987 жылы 26 маусымда есірткі пайдалануға және оның заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі халықаралық конференция өткізеді. Сол күнді есірткіге қарсы күрес күні ретінде белгілейді. Оның жаһандық мәнге ие болуы тез таралуында жатыр. Басты қауіп те осы. Соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың қатары 22 есе өскен.
– Әлемде 275 млн. нашақор бар. Жылына 500 мыңнан астам адам есірткі салдарынан қайтыс болады. 19 млн. халқы бар біздің ел үшін есірткіге тәуелділіктің болмашы көрсеткіштерінің өзі ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында есірткінің, оның ішінде, синтетикалық есірткінің таралуы болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретінін ерекше атап өтті. Есірткісіз қоғам құру – барлық азаматтың ортақ мүддесі болуы тиіс, – деді Ералы Тоғжанов.
Сонымен қатар, Премьер-Министрдің орынбасары биылғы 11 мамырда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған Жол картасы бекітілгенін жеткізді. Оның айтуынша, қабылданған құжат жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу бойынша жергілікті атқару органдарының рөлін күшейтеді. Оған үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілер де қатысу мүмкіндігін алды.
– Бұл мәселе кез келген отбасында болуы мүмкін. Сондықтан, ол бейжай қарайтын жайт емес. Сонымен бірге, оны бір органның күшімен шешу де мүмкін еместігі белгілі. Сол себепті, есірткімен күресті барлық сала өкілдерімен, қоғам болып қолға алуымыз керек. Халық санасына жеткізу – басты міндетіміз, – деді Е.Тоғжанов.
Шара барысында айтылған мәліметтер бойынша жыл басынан бері ел көлемінде 1400 есірткіге қатысты құқық бұзушы ұсталған. Оның ішінде, шетел азаматтары да, әйелдер мен кәмелеттік жасқа толмағандар да бар.
– Заңсыз айналымнан 200-ден
астам есірткі заттары алынды. Атап айтсақ, 1,2 тонна марихуана, 312 келі гашиш, 11 келі синтетикалық есірткі, 1 келі шамасында геронин алынды. Келесі айдан бастап республикалық «Қарасора» операциясы бастау алады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы есірткі заттарын жарналамайтын 760 сайттың сілтемесі жойылды. Кейінгі кездері жеңіл табыс табу жарнамасымен есірткі тасымалдау таралып барады. «OLX» жарнама беру сервисінде жарияланған осындай 167 хабарлама анықталды, – Вице-министр Ержан Сәденов.
Бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 18 504 адам нашақор ретіне есепте тұр. Оның ішінде, 1 493 әйел, 94 жасөспірім бар. Дегенмен, мамандар статистика бұдан да көп болуы мүмкін екенін алға тартады.
– Айлық барысындағы жұмыстарға барлық мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар тартылатын болады. Былтырғы жылы Қарағанды облысының қызметкерлері 5 есірткі зертханасын анықтаған болатын. Аталған қылмысқа кінәлі тұлғалар сот үкімімен сотталды. Осындай шаралар бүгінде жалғасып жатыр. Барлық жоспарланған шаралар министрлік тарапынан келісілді. Барлық тұрғындарды осы айлық аясындағы шараларға белсенді қатысуға шақырамын, – деді есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Миссалимов.
Шара соңында қатысушы үкіметтік емес ұйымдар мен еріктілерге есірткімен күрес іс-қимылдары бойынша семинар мен арнайы флешмоб ұйымдастырылды. Іс-шаралар бір айға жоспарланған дегенімізбен, есірткімен күрес үздіксіз жүретіні сөзсіз. Бұл істе қоғам тарапынан азаматтық белсенділік болса, нәтиже еселене түседі.
Жансая ОМАРБЕК.