Оң-теріс: тағдыр ма әлде таңдау ма?
Бір тамшы қан түрінде пайда болып, пешенесінен бөлек, дүниеге келер уақыты секундына дейін жазылып қойған сәбидің жарық дүние есігін ашуының өзі бір ғанибет. Толғағы жеңіл болып, тоғыз ай көтерген сәбиін аман-есен қолына алу – ананың ғана емес, әулеттің арманы. Баласын бауырына бассын деген ниетпен үлкендер жағы түрлі ырымдарын жасап, қарап қалмаған. Соның бірі – бала теріс келгенде жасалатын «оң-теріс» ырымы.
«Оң-теріс» ырымы
Ырым десек те, ғылым мен техника дамымаған заманның өзінде бала теріс келіп, анасының өміріне қауіп төнгенде, ешқандай кесар тілігінсіз-ақ, екеуінің жанын аман алып қалатын «оң-теріс» ырымын қазір біріміз білсек, біріміз біле бермейтініміз рас.
Жалпы, дүние есігін ашатын сәбилердің басым бөлігі жатырда басын төменге қаратып жатады. Босану кезінде алдымен басы шығады. Бұл – қалыпты жағдай. Яғни, оттегінің жетіспеушілігі, баланың қолы қайырылып қалатын жағдайлар кездеспейді.
Ал, бала жамбастап, болмаса, аяқпен келген жағдайда толғақ қысқан әйелді «оң ба, теріс пе?» деп сырмаққа салып, қарулы жігіттер әрі-бері шайқайтын болған. Босандыруға машықтанған апа-әжелер өзінің арнайы табағын әйелдің ішіне төңкеріп, бала дұрыс келсін деп, табақты оңға қарай бұрып, баланың жатысын дұрыстайды.
Аталған ырымның жөнін білетін үлкендер оны қазір де жасайды. Мысалы, көпбалалы ана Қажыкен Кәріпжанова ешқандай ультра дыбыстық зерттеу көмегінсіз-ақ, баланың жатырда дұрыс жатпағанын алақанмен сипап білуге болады дейді. Осы кезден қамданып, «оң-теріс» ырымын жасар болса, сәбиді еш қиналмастан дүниеге әкелуге болады екен.
– Әйелді жаймаға жатқызып, үш рет оң жаққа, үш рет сол жаққа, үш мәрте аяқ жағынан, үш мәрте бас жағынан көтеріп, «оң ба, теріс пе?» деп қайталап тұрады. Содан соң ішіне шыны табақ төңкеріп, бұрау арқылы баланы қалпына келтіреді. Ананың ішін алақанымен сипай отырып, жатырдағы бала дұрыс келмейінше, осы ырымды қайталай береді, – дейді Қажыкен апа.
Қажыкен Кәріпжанова баланың теріс келуінің де себебі бар дейді. Оны қазақта «жүгіну» дейді екен. Әйел жүкті кезінде жүресінен отырса, болмаса, ауыр зат көтерер болса, баланың жатырдағы орналасу қалпы әлі бекімегендіктен, аяғымен төмен түсіп кетіп, айнала алмай қалады.
Түзету гимнастикасы
Қарағанды қаласындағы №2 емхана дәрігері, акушер-гинеколог Несіпжан Шиғамбекова баланың жатырда дұрыс орналаспауының себептері түрлі болғанымен, әлі толық зерттелмегенін айтады. Бірақ басты себептерінің бірі ретінде ананың денсаулығы, баланың ірі болуы, кіндігіне оралып қалуы, дұрыс жетілмеуін алға тартады. Дегенмен, қатып қалған қағида жоқ. Денсаулығында ешқандай ақауы жоқ аналардың өздерінде де осындай жағдай жиі орын алады екен.
Несіпжан Шиғамбекова: акушер-гинеколог:
– Теріс келу ана үшін де, бала үшін де қауіпті. Толғақ кезінде туу жолына қарай жылдам қозғалған бала теріс келетін болса, басы қысылып, тұншығып, болмаса, жарақат алуы мүмкін. Ол әсіресе ер балалар үшін қауіпті. 34-35 аптада жатырдағы баланың дұрыс жатпағаны белгілі болса, жатырдың бұлшықет тонусының өзгеруіне негізделген түзету гимнастикасын жасау ұсынылады.
Маманның айтуынша жүкті әйел қатты жерге жатып, әр 10 минут сайын 3-4 рет кезекпен оң және сол жағына бұрылады. Жаттығулар тамақтанар алдында күніне 3 рет 7-10 күн қайталанады. Демек, медицина да «оң-теріс» ырымын жоққа шығармайды.
Өмірге өзгеше келгендер
Қалай болғанда да, адамның өмірге келген жылы, айы, күні, уақыты оның кейінгі өміріне әсері бар десек, жатырдағы баланың теріс келуі де кездейсоқ дүние болмауы керек. Өмірдің өзі – математика десек, әр адамның дүниеге келу формуласы да алдын ала дайындалып қоятын тәрізді.
Мәселен, өзге елдерде өмірге өзгелерден бөлек келгендердің ерекше қасиеті бар деп есептейді екен. Ревматизм, бел ауруы тәрізді науқастар осындай адамды шақырып, ауырған жерін басуды немесе ысқылауды сұраған. Тіпті, аяғымен дүниеге келген сәбидің анасында да емдік қасиет бар деп есептеп, батасын алуға тырысқан.
Ал, баланың теріс келуі көп жағдайда мерзімінен бұрын, жеті айлығында туатын балаларға тән екенін көруге болады. Яғни, бұл кезде бала жатырда әлі дұрыстап бекіп үлгермейді. Психологтар мұндай балалар аса сезімтал болатынын, жатырда жатып-ақ, анасының қиналғанын сезіп, өмірге ерте келуге асығады дейді.
Салтанат ІЛИЯШ.