6505 әскери бөлімінде үздік сарбаздарға білім гранттары табысталды
6505 әскери бөлімінде 2–2024 мерзімді қызметкерлерін марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Шараға бөлім басшылығы, ардагерлер, сарбаздардың ата-аналары және шақырылған қонақтар қатысты.

Іс-шара барысында биыл 443 әскери қызметші мерзімді қызметін табысты аяқтап, жақын күндері үйлеріне оралуға дайындалып жатқаны атап өтілді. Бөлім басшылығы олардың жауапкершілігін, тәртібін және бөлімге жүктелген міндеттерді орындаудағы маңызды үлесін ерекше атап өтті.

Іс-шараның ең маңызды бөлігі – «Солдат 2.0» бағдарламасы аясында қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алуға 41 сарбаздың білім гранттарына ие болуы. Бұл көрсеткіш өзге әскери бөлімдер арасындағы ең жоғары нәтижелердің бірі болып, бүкіл жеке құрам үшін үлкен мақтаныш болды.

Шараға қатысқан бөлім ардагерлері сарбаздарға ақ тілектерін айтып, ұрпақтар сабақтастығы мен әскери қызметтің адам болмысының қалыптасуындағы маңызын ерекше атап өтті. Ал шараға арнайы келген ата-аналар өз ұлдарының жетістіктерін зор қуанышпен тамашалап, қызмет барысында көрсетілген қамқорлық пен қолдау үшін командованиеге алғыстарын білдірді.
— Бөлім басшылығына әрдайым біздің балаларды қолдап, бізбен байланыста болғаны үшін алғыс айтамыз. Ұлдарымыздың үнемі назарда, қамқорлықта болғанын көріп жүрдік. Әуелде баламды әскерге жіберу оңай болмады, алайда қазір бұл – оның өміріндегі маңызды тәжірибе болғанын түсіндім. Бүгінгі қуанышымыз одан да үлкен — ол грант иегері атанды. Бұл – біздің отбасымыз үшін зор қуаныш және мақтаныш, — дейді мерзімді қызмет сарбазы Мейіржан Амангелдінің анасы.
6505 әскери бөлімінің басшылығы сарбаздарды өмірлеріндегі маңызды кезеңнің аяқталуымен құттықтап, азаматтық өмірге сәтті бейімделу, әрі қарай білімдерін жалғастыру және таңдаған жолдарында жаңа жетістіктерге жету үшін ақ тілектерін жеткізді.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” Өңқ баспасөз қызметі



