6505 әскери бөлімінде 450 сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады
Қарағандыдағы Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде салтанатты әскери ант қабылдау рәсімі өтті. Іс-шараға еліміздің әр өңірінен жиналған 450-ге жуық жас сарбаз қатысты.

Бұл күні сарбаздар өздерінің Қазақстан Республикасына және халқына шексіз қызмет ететінін ресми түрде мәлімдеді.
Салтанатты іс-шараға сарбаздардың ата-аналары, туыстары мен жақын достары арнайы шақырылды.
Рәсім барысында әскери бөлім командирі мен шақырылған қонақтар сарбаздарға жылы лебіздерін білдіріп, әскери қызметтің абыройлы әрі маңызды міндет екенін атап өтті.
– Әскери ант – бұл жай ғана рәсім емес, бұл – әр сарбаздың жүрегіне жазылатын серт. Отан қорғаушы болу – ерлік пен табандылықты, батылдық пен адалдықты талап ететін асыл міндет, – деді әскери бөлім командирі полковник Мақсат Қырғызбаев.
Сонымен қатар, өнерпаз сарбаздар патриоттық әндер шырқап, мерекелік концерт ұйымдастырылды. Салтанатты шара аяқталған соң ата-аналармен әскери бөлім командирі сұхбат жүргізіп, сарбаздарды сейілдемеге жіберді.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” Өңірлік қолбасшығының баспасөз қызметі