Жаңалықтар

«65 жастан асқандар да вакцина алады»

Қазақстан бойынша жүргізіліп жатқан вакциналау компаниясы елдің Денсаулық сақтау министрлігі ұсынған әдістемелік нұсқаулыққа сүйенеді. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен әлемдік деңгейдегі зерттеулерге негізделген. Ал, зерттеулер қазір үздіксіз жасалуда. Жаңа зерттеулер нәтижесінде вакциналауға қатысты бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, бұған дейін айтылып келген 65 жасқа дейінгі шектеу алынып тасталды. Осы және вакциналауға қатысты басқа да сұрақтарымызға Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің басшысы Бибігүл ТӨЛЕГЕНОВА жауап берді.

Коронавирусқа қарсы вакциналау басталғанда вакцина 18 бен 60 жас аралығындағы адамдарға салынады делінген еді. Кейін 65 жасқа дейін өзгертілді. Енді қазір шектеуді мүлде алып тастаудың себебі неде?

Денсаулық сақтау министрлігі вакциналау басталған кезде уақытша әдістемелік нұсқаулық шығарған болатын. Онда барлық шектеулер, вакцина алу тәртібі жазылған. Қазір ол өзгертілді. Енді, 65 жас шектеуі алынып тасталды. 18 жасқа дейінгі балаларға шектеу сақталады. Оның барлығы жүргізілген зерттеулерге байланысты. Ресейдің өзінде де үлкен кісілерге зерттеу осы жылдың басынан қолға алынған болатын.

65-тен асқан адамдарды вакциналау кезінде қандай критерилерге сүйенеді?

Біз бірінші кезекте медико-әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдарды вакцинауды бастаймыз. Жақында Шахан кентіндегі медико-әлеуметтік мекемедегі адамдардың коронавирус жұқтырғанын білесіздер. Сол себепті, қазір вакцинаны медицина қызметкерлерімен бірге сондай мекемедегі адамдар мен ондағы медициналық қызметкерлер алады. Ал, наурыздан бастап жоспарға сәйкес мектептер мен мектепке дейінгі мекеме мұғалімдері, әрі қарай, орта және жоғары оқу орындарының педагогтері вакцина алатын болады.

65 жастан асқан адамдарға қандай вакцина салынады?

Қазір «Спутник V» вакцинасы қолданылады. Отандық «KazCovid-in» әлі үшінші кезеңдегі сынамадан өтіп жатыр. Сондықтан, оны пайдалану министрлік жоспарлағандай, сәуірдің соңы мен мамырдың басында болуы мүмкін. Біз «Спутник V» вакцинасының екінші компонентін алдық. Ол Қарағанды фармацевтикалық кешенінде әзірленген. Ертең қосымша 7 мың доза вакцина келеді деп күтілуде. Ол да Қарағандыдағы фармацевтикалық кешенде дайындалған.

Вакцинаның бірінші компонентін алғандардың екінші компонентті де қабылдайтын уақыты болды. Екінші компонентті алуға қарсы көрсетілімдер болуы мүмкін бе? Болса қандай?

Екінші компонентті алуға қарсы көрсетілімдерге анафилактикалық шок, ауыр түрдегі аллергиялар, дене қызуының 40ºС-қа дейін көтерілуі, қалтырау жатады. ЖРВИмен, асқазан-ішек жолдары инфекциясымен ауырған адамдар жалпы, қандай да бір аурумен ауырғандар вакцинаны жазылғаннан кейін алады. Облыс бойынша 115 вакцина кабинеті дайындалды.

Вакцинаның екінші дозасын белгіленген күні ала алмаған жағдайда не істеу керек?

Бірінші компонентті алған кезде екіншісін алу осындай күні болады деп ескертіледі. Жақындаған кезде хабарлама да жіберіледі. Ал, егер адам ол уақытта ауырып қалса немесе басқа да жағдайлар болса, 7 күнге дейін шегеруге болады. Бірақ, одан көп емес. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button